Алматыда полицей қызмет көлігімен кісі қағып өлтірді
Алматыда полицей қызмет көлігімен кісі қағып өлтірді. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, тәртіп сақшысы 49 жастағы әйелді жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқанда қаққан. Полиция көлігі жоғары жылдамдықпен келе жатса керек. Өйткені әйелді 20 метр жерге ұшырып жіберіпті.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
04.08.2022
Қатты соққыдан тұрғылықты мекенжайы жоқ әйел оқиға орнында жан тапсырған. Ал тізгіндегі 29 жастағы аға лейтенант қазір қамауда отыр.
Жол апаты Жансүгіров пен Ақпаев көшелерінің қиылысында түнгі сағат он бір жарым шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан 49 жастағы әйелді полицей қызмет көлігімен қаққан. Жергілікті тұрғындар тәртіп сақшысы жоғарғы жылдамдықпен жүйіткігенін жеткізді. Соққының қатты болғаны соншалық, әйел жиырма метрге ұшып кетіпті.
Ауыр жарақат алған әйел оқиға орнында тіл тартпай кетті. Ал түнгі кезекшілікте жүріп бір адамды ажал құштырған патруль полициясы полкінің қызметкері бірден қамауға алынды. Айғай-шудан оянған Светлана қас-қағым сәтте жол бойында адам қарасы көбейгенін айтады. Ол жерде сұлап жатқан әйелдің басы жарылып, денесі сырылғанын анық көріпті.
Светлана, оқиға куәгері:
- Мен шыққанда адам өте көп болды. Барлығы телефонына түсіріп тұрды. Полицейдің көлігінің алдыңғы әйнегі сынғанын көрдім. Оны жедел жәрдем алып кетті. Не үшін екенін білмеймін. Қатты жылдамдықпен қаққан. Себебі, марқұм жаяу жүргіншілер жолағынан өте алыс жатты. Бұл көшені құзырлы орган өкілдері жанжағынан қоршап тастады. Біз жақындай алмадық.
Осы маңайда тұратын халық жаяу жүргіншілер жолағы тұрғанымен жүргізушілер жылдамдықты азайтпайды деп кейіді. Мұнда жол апаты да жиілеген. Оған қоса көшеде шамдар жоқ. Сондықтан тұрғындар қауіпті қиылысқа бағдаршам орнатпаса, талай адамның өмірі осы жолда қиылады деп отыр.
Рауан Жәмиева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Өте жиі, өте жиі адам қағады. Мопед жүргендерді де қағады. Көліктер біріменбірі соғылып жатады. Жаяу жүргінші жолы емес, бағдаршам керек. Жаяу жүргінші жолын жоғары немесе төмен қоймаса.
Адам қағып өлтірген 29 жастағы аға лейтенантқа қатысты «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Аталған дерек ҚР ҚКнің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жүргізуші ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!