Елімізде жанармай екі түрлі бағамен сатылады
Елде енді жанармай екі түрлі бағамен сатылатын болады. Мәселен, дизель кей аймақтарға 260 теңге деп бекітілсе, 30 теңгеге арзан облыстар да бар. Энергетика министрлігі осылайша жағармай бағасын тұрғылықты жерге, тұтыну көлеміне және көлік түріне қарай сатуды жөн санапты. Бұл ереже бензинге де қатысты.
Автор: Әзиза Төленби
04.08.2022
Шекараға жақын аймақтардағы тұрғындар дизель отынын жеке куәлігін көрсетіп және көлік түріне байланысты сатып ала алады. Мысалы, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс және Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарының тұрғындары жеке куәлігін көрсетіп бір литр дизельге 260 теңге төлейді. Техникалық паспортын көрсетсе, дәл осы бағада 300 литрге дейін құя алады. Ал қалған өңірлерде литріне 230 теңге деп белгіленген.
Министрлік бензинге де шекті баға енгізіпті. 1 литр АИ-80 маркалы бензин Қазақстанның барлық қаласында 89 теңгеден сатылуға тиіс. АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 187 теңге, қалған өңірде 182 теңгеге сатылмақ. Қазір бұл құжат ашық талқылауда. Ал мұнай өнімдеріне қатысты жаңа тарифті энергетика министрі былай түсіндіреді.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі (3 ТАМЫЗ, 2022):
- Бағалар тұрғылықты жеріне, тұтыну көлеміне және көлік түріне қарай сараланады. Бұл жұмыс мүдделі мемлекеттік органдармен және тараптармен жалғасады. Бұл негізінен қозғалтқыштың көлеміне байланысты шамамен бір мың шақырым жүріске тең. Біз 100 километрге 35 литр отын кететінін есепке алдық. Жүк көлігінің жүруіне 300 литр жетеді. Шекара қызметі мәліметінше, Қазақстан Республикасына күніне 4 жарым мыңға жуық жүк көлігі кіреді, оның 70 пайызға жуығы шетелдік көліктер. Жанармай құю бекеттеріндегі бағаның төмендігі орташа айлық тұтыну көлемінің шамамен 120 мың тоннаға артуына әкеледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!