Жоғалған қыз жүгері алқабына кіріп, ғайып болды – Қостанай
Қостанай облысында жоғалған бес жасар Мәдина Ерланқызын іздестіру жұмыстары үш тәуліктен бері тоқтаған жоқ. Еріктілер кеше кішкентай бір қыздың жүгері алқабынан жүгіріп шығып, қайтадан ғайып болып кеткенін көріп қалған. Балақайдың аман екеніне сенімді олар жүріп өткен жолдарына су мен тамақ қалдырып жатқан көрінеді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
09.08.2022
Қайрат Бейсембин, кинология қызметі орталығының қызметкері:
- Іздестіру шарасына кинологиялық қызмет мамандары мен қызметтік иттер де қатыстырылып жатыр. Қазір Жамбыл ауылынан Қостанайға қарай бет алдық.10-шы аймақтық іздестіру отряды да бірге.
Іздестіру отряды Жамбыл, Алтын дала, Самир ауылдары мен Қостанай қаласының төңірегін түгел тінтіп шыққан. Екі тікұшақ пен бір ұшақта әуе патрульдері де дамыл таппады. 12 егістік алқапты әуеден, 8 алқапты жаяу шарлап өткен. Полицейлер, әскерилер мен құтқарушылар, кинологтарға жергілікті тұрғындар да қосылған. Аймақта құрылған жедел іздестіру тобы түнімен тоқтаусыз жұмыс істеді. Жүгері және картоп алқаптарын тепловизормен шолып шығыпты. Тобыл өзенінің арнасы да тексерілуде.
Ал еріктілер кеше бір кішкентай қызды көріп қалғанын айтып, оның аман екеніне сенімді. Тіпті бала тістеген жүгеріні тауып, оны сараптамаға жіберіпті.
7-тамыз күні бес жасар Мәдина Ерланқызы екінші қабаттағы терезеден газ құбыры арқылы түсіп, далаға шығып кеткен. Бүлдіршін аутизммен ауырады.
Анастасия Доможирова, «Регион 10»іздестіру-құтқару отрядының еріктісі:
- Барлық іздестіру отряды осы жақта жүргенде, біз анау ферма жақта болдық. Бәрі айғайлай бастады, «табылды !» деп. Телефонға хабарламалар түсті.Мен қасымда тағы екі адам бар, тұра жүгірдік. Анадайда егістіктен кішкентай қыз жүгіріп шықты. Айғайлап едім ешкім мені естімеді.Әлгі қыз қайтадан жүгері алқабына кіріп кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!