Ақтөбеде жанармайды диқандарға емес, өзгелерге қымбатқа сатқан
Ақтөбеліктер алыпсатарлықтан қалыспапты. Мұнда шаруаларға арналған арзан дизельді жеткізуші кәсіпкерлер жанармайды диқандарға емес, өзгелерге қымбатқа сатып келген. Заңсыз сауданың жолын Қаржылық мониторинг агенттігі кесті.
Автор: Елдос Есенбол
11.08.2022
Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаменті облыс прокуратурасымен бірлесіп жүргізген жеделіздестіру іс-шарасында операторлардың бірінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өтініші бойынша арзандатылған дизель отынын жеткізуге арналған монополиялық жағдайын теріс пайдалану фактісін анықтады. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Операторлардың теріс әрекеті бірнеше жыл бойы жалғасып келген. 2020-2021 жылдары жауапты компания 12 мың тоннадан астам сұйық отынды арзан бағамен сатып алыпты. Бірақ шаруаларға тек 10 мың тоннасын ғана жеткізген. Қалған дизелді өзіне тиесілі жанармай бекеттері арқылы қымбатқа қайта сатқан. Осындай жүйемен жекеменшік серіктестік өкілдері миллиондап пайда тауыпты. Енді соны еселеп айыппұл ретінде қайтаруы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!