Степногорда мембағдарламамен тұрғызылған жаңа үйдің іргетасы сөгітіліп барады
Степногор қаласында мембағдарламамен тұрғызылған жаңа тұрғын үйдің сапасы сын көтермейді. Көп жыл кезекте тұрып баспанаға қол жеткізген көпбалалы, әлеуметі аз қамтылған отбасылар мен мүгедектер бұл үйге осыдан 11 ай бұрын ғана қоныстанған. Көшіп келгендері сол еді, қабырғалары жарылып, терезелерінен жел үрлеп, есігі қисайып жабылмай қалған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
11.08.2022
Құзырлы орындарға дереу хабар беріп, көмек те сұрапты. Бірақ әзірге еш көмек жоқ. Ал мердігер компания бұндай олқылықтардың шығуы орынды деп отыр.
45 пәтерлі бес қабатты үйде ересектерді айтпағанда, 150-ден аса бала тұрады екен. Көшіп кіргендеріне бір жыл толмай жатып, қабырғасы қақ айрылғанын көрген тұрғындардан маза кеткен. Олар бір күні үйінді астында қаламыз ба деп үрейленеді.
Бәрі де әдемі басталған. Степногор қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметовтың қолынан баспана кілтін алғанда бала- шағасымен қатты қуанған жандардың көңілі екі айдан соң су сепкендей басылыпты. Қыс түспей есік-терезе қисайып, есігі жабылмай естерін шығарған. Үйдің қабырғасы қақ айрылып жарыла бастаған. Енді су жаңа үйде ұйықтаудың өзі қорқынышты.
Ербол Рақымов, Степногор қаласының тұрғыны:
- Көтергіш қабырғасының ішіндегі блоктар жарылған. Кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін. Жарылған жерлерін көрсете аламыз. Көтеріп тұрған қабырғасы жарылған жәй гипс емес, бөлменің арасындағылар.
Құлап кетуі мүмкін деген үреймен ала таңды көзімен аттыратын тұрғындар бұдан әрі үнсіз қалуға болмайды деп шешкен. Өйткені есіктен кіреберістегі табалдырықтан бастап, шытынамаған жер жоқ. Тұрғын үйдің іргетасы сөгіліп, топырағы опырылып кеткен. Бұл осы жерде ойнап жүрген балаларға да қауіпті. Бес қабатты тұрғын үй әне-міне омақаса құлайтындай. Әбден ашуға мінген пәтер иелері келген шенеуніктердің алдында айғайға басты.
- Жап-жаңа үй салынған. Сіздер бар ғой, мына жерге келіп, жарылып жатқанда, ұялмайсыздар ма? Ұяттарыңыз жоқ па, білмеймін. Қалай қабылдап алдыңыздар?
- Біз қабылдаған кезде бұндай болған жоқ. 11 айдың ішінде кемшіліктер шығып жатыр.
Бұны айтып тұрған – Степногор қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқатов. 11 айдан соң бармағын тістеп қалған комиссия мердігерді сотқа беріпті. Ал мердігер компания басшысы «бәрін ретке келтіреміз, кемшілікті мойындаймыз» десе де, бұл – құрылыста болатын кәдімгі жағдай деп міз бақпай тұр.
Дулат Күтербеков, «АстанаСтрой инвест» ЖШС директоры:
- Анау нелер отырғаны кәдімгі шөгу. Кез келген жағдайда кез келген үй шөгеді. Мынаған біз кепіл беріп отырмыз. Ешқандай үй, ешқай жерден құламайды да,кетпейді де.
Қала шенділерінің айтуынша, сот аяқталмайынша, оларға талап қоя алмайды екен. Ал мердігер сот шешімін күтпей ақ, астан-кестеңі шыққан жертөледен бастап, әр пәтердегі кемшілікті қалпына келтіреміз деп уәдені үйі-төкті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!