Елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды
Елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды. Құрылысы үш жылға созылған Алланың үйінде бүгін алғаш рет жұма намазы оқылды. Үздік шеберлердің қолы тиген ғимараттың ерекшелігі көп. Кіреберіс есігінен бастап, төселген кілеміне дейін ерекше.
Автор: Елдос Есенбол
12.08.2022
Мешіттің ашылу салтанатына құрылысқа мұрындық болған тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де қатысты. Бұл тек діни орталық емес, туристік нысан болуы керек деп жоспарланған.
Аумағы 68 мың шаршы метрді алып жатқан Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт бүгін қала тұрғындарына есігін айқара ашты. Сән-салтанаты жарасқан алып ғимарат елорданың сол жағалауында мен мұндалап тұр.
Республикалық бас мешіт сыйымдылығы бойынша әлемдік ондыққа кіреді. Мұнда бір мезетте 235 мың адам құлшылық ете алады. Оның 175 мыңы дәл осы ашық алаңда. Ал мешіттің кіреберіс есігі қолдан жасалған ең үлкен ағаш есік болып есептеледі.
Мешіттің сыртқы келбеті ғана емес, іші де көз тартарлық.Қабырғаларға, күмбездің ішкі жағына түрлі түсті нақыш пен қазақша ою-өрнек бейнеленіп, құран аяттары жазылған. Ал қабырғадағы мозаика 25 миллион алуан түсті шыны тастармен безендіріліпті.
Үш жыл бұрын мешіттің іргетасын қалауға тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан еді. Бүгінгі ашылу салтанатында да өзі болды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті:
- Мен мемлекет басшысы ретінде өкілеттілігімді тоқтатудан бір күн бұрын, 2019 жылы наурызда осы мешіттің алғашқы кірпішін қаладым. Сол сәтте менің қасымда қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев болды. Аллаға ризашылығымызды айтып, болашақта халқымыздың тәуелсіздігімізбен еліміздің еркіндігі ұзағынан болсын деп тіледік.
Мешіттің бірінші және екінші намаз оқитын бөлме, конференцзал, неке қию залы, тіпті телестудияға дейін бар. 440 орындық банкет залы мен жабық паркинг, дүкен, дәріхана, мұражайға да орын табылған.
Мешіт күмбезінің диаметрі 83 метр. Ал, оның сәнін келтіріп тұрған аспамшамның диаметрі 27 метр, салмағы 20 тонна. Бұл әлемдегі ең үлкен аспашам болып есептеледі екен.
Бұдан бөлек, мешіттің 130 метрлік төрт мұнарасы бар. Оның бірі бес бөліктен тұрады. «Бұл мұсылманның бес парызын сипаттайды», - дейді мұсылмандар діни басқармасының өкілдері.
Хасан Аманқұлов, ҚМБД Бөлім меңгерушісі:
- Мұнараның биіктігі 130 метр. Бір мұнара туристік мұнара болып саналады. Сол жоғарыға лифт арқылы жоғарыға биікке көтеріліп бүкіл осы астананы тамашалауға болады. Біз енді «Бәйтерек» 97 метр ғой, ал енді 130 метр болып отыр.
Жаңа мешітте бүгін алғаш рет жұма намазы оқылды. 30 мыңдық зал лық толды десек артық айтпағанымыз. Азаматтар ізгі тілектерін де жолдады.
- Осындай үлкен мешіт ашылып жатыр. Бүкіл мұсылмандарды қазақ еліндегі осы мерекемен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын. Отанымыз тиыштық болсын, халқымыз аман болсын.
- Барша, міне, адамдар келіп жатыр, сауаптан жазсын. Өте қуаныштымын. Сыртымызды жаудан, ішімізді даудан сақтап, сондай берекелі тыныштық мемлекет болсын.
Қала тұрғындарын мешітке қоғамдық көлік жеткізеді. Ол үшін жер астынан арнайы түнел де салынған. Алдағы уақытта бұл діни орталық емес, азаматтарға арналған жайлы демалыс орны болмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!