{metadescription}
Сарыағашта алты мыңнан астам тұрғыны бар шағынаудан өркениеттен жұрдай
Сарыағашта алты мыңнан астам тұрғыны бар шағынаудан өркениеттен жұрдай

Сарыағашта алты мыңнан астам тұрғыны бар шағынаудан өркениеттен жұрдай

Сарыағаш қаласында алты мыңнан астам тұрғыны бар шағынаудан өркениеттен жұрдай. Самал-3 деп аталатын ықшамауданда таза су жоқ. Жұрт жауын-шашынның суын ішіп, жазда су таситын көлікпен жеткізілген суды сатып алып отыр. Оның өзі борсып кеткен.

Соның салдарынан, тұрғындар шетінен ішек ауруларына шалдығуда. Ол аздай тура іргесінде тұтас ауданның қалдығы төгілетін қоқыс полигоны орналасқан. Шулаған жұртқа шенеуніктер жеткенімен, мәселені мардымды  түсіндіре алмады.

Сарыағаш қаласында соңғы 15 жылда пайда болған Самал-3 шағынауданында қазір мың алты жүзден астам үй бар. Бірақ қала деген аты болмаса, өркениет белгілері байқалмайды. Суды мұндағы жұртқа жаздай су таситын көлікпен жеткізеді. Бір әкелгені 7 мың теңге. Онысы көгеріп, лайланып жатады. Тұрғындар дәкемен сүзіп, бірнеше мәрте қайнатып ішеді. Бірақ жағымсыз дәмі мен иісі бәрібір қалады дегендер жауын-шашынның суын да тұтынуға үйренген.

Нұрмаханбет Жұмабаев, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

- Қонаққа барсақ та сарқыт әкелмейміз, су әкелеміз. Ішетін суымызды тасып әкелеміз. Қыстыгүні жаңағы қарларды жинап ыдысқа салып, ерітіп ішіп жатырмыз. Жаңбырдың суын ішеміз. Жазға қарай мынадай суды сатып алып, көгертіп, құрттатып сүзіп жатырмыз, амалдап күн көріп жатырмыз.

Көше жарығы дегенді білмейтін мұнда жолдардың да оңып тұрғаны шамалы дейді тұрғындары. Қайта былтыр көшелерге шағал тас төсеп берген. Бірақ ол тез иленіп кетіп, жаяу жүргіншілер түгілі, көліктердің жүруіне ыңғайсыз екен. Ал билік асфальт төесйміз дегеніне бес жылдан асыпты.

Гүлшахар Қалышева, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

- Белшеден лайға батамыз. Пакет киеді, пакет жыртылады. Бір қысқа 3 аяқ киім киеді балашағам. Менің бес балам мектепте оқиды, оны несін жасырамын. Жедел жәрдем кірмейді, су таситын көлік те келмейді. Адамдар да кіре алмайды. Такси жүрмейді, қаншама километр жаяу жүреміз.

Сарыағаштың бұл бөлігінде тұрып жатқан 6 мыңнан астам тұрғын үшін тағы бір жағымсыз жағы – іргеде тұрған қоқыс полигоны. Жақын болған соң қаңғыбас иттер де көп деп налиды жергілікті жұрт.

Негізінен елдімекен мен қоқыс полигонының санитарлық арақашықтығы 7 шақырымды құрауға тиіс. Ал бұл жерде ауыл мен қоқысхана арасында ары кетсе, шақырымдық қана қашықтық бар. Салдарынан солтүстіктен жел тұрған кезде тұтас Сарыағаш қолқаны қабар сасық иіске тұншығады.

«Басшыларға қордаланған мәселені айтып сан бардық» деген тұрғындар бұл жолы шенеуніктерді шақырды. Ақжағалылар су кіргізуді жоспарлап жатырмыз дейді. Жобасын биыл бітіру ой да бар екен. Бірақ су жүйесінің құрылысы қашан болатынын айта алмайды. Ал ол бітпей, асфальтты армандамаңдар деп отыр.

Мұхит Досболов, Сарыағаш қаласының әкімі:

- Жоба биыл бітсе, ендігі жылы қаржы аламыз. Конкурсқа саламыз. Тиісті құрылыс жұмыстарын бастап кетеміз. Құдай қаласа, біз бірінші кезекте су мәселесін шешіп болғаннан кейін асфальтты шешеміз. Бірақ асфальт жолға 14 шақырымға тиісті сметалық құжаттарымыз дайын тұр. Нақты сомасы есімде жоқ.

Яғни өркениетті 15 жыл күткен тұрғындар қанша екені белгісіз бірақ тағы да таза су мен асфалтты күте тұрулары қажет. А, қоқыс полигонының мәселесін биылдан қалдырмай шешіп тастамақ екен. Бірақ кезекті рет сөзге сенуден басқа самалдықтардың амалы да жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.