СҚО: Теңдік ауылында ішімдікке тыйым салынған – бірде-бір қылмыс жоқ
Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдардың бірінде жиырма жылдан бері ішімдік ішуге тыйым салынған. Дүкендерінде де арақ-шарап сатылмайды. Кезінде ақсақалдарының дегенін Теңдік ауылының кәрі-жасы бұлжытпай орындап келеді.
Автор: Жаңалық Ахаш
12.08.2022
«Осының арқасында елдімекенде дау-жанжал, қылмыс болған емес», - дейді тәртіп сақшылары. Осы үрдісті өзге ауылдарда да ұстанса деп тілейді олар.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Теңдік ауылының той-томалағы ішімдіксіз өтеді. Елдімекенде ащы суды тығылып ішіп теңселіп жүрген ешкімді көрмейсің. Осыдан 20 жыл бұрын ауыл ақсақалдары арақ-шарап атаулыны Теңдікке жолатпауға шешім шығарған. Мұны осындағы жұрт әлі күнге дейін бұлжытпай орындап келеді.
Ләззат Алпысова, Теңдік ауылының тұрғыны:
- Ауылда арақ ішпейді. Ондайды бұл ауылда көрмейміз. Ішпей де мерекелердің барлығын ақ тамақпен, мысалы қымызбен қарсы алып, сонымен көңілімізді көтереміз демалыс күндері.
Алькогольді ішімдік сатуға мұндағы дүкеншілер де қарсы. Арақты айтпағанда, сыра да сатылмайды. Ащы сусыз табысымыз кеміп қалмады деп шүкіршілік етіп отыр.
Бақытгүл Бекенова, сатушы:
- Ішімдік сатылмайды. Бізде ішімдікке рұқсат бар. Тек біз сатпаймыз. Бізде тек халал.
Соңғы 20 жылда Теңдікте бір де-бір қылмыс тіркелмепті. Арақты ауылға жолатпағанның арқасында дау-жанжал деген атымен жоқ деп мақтанады учаскелік инспектор.
Теңдік – Солтүстік Қазақстан облысындағы шалғай ауыл. Петропавлмен арасы 200 шақырым. Онда да тек қара жолмен жетесің. Алыстағы осы ауылдағы ішімдікке қатысты үрдісін өзгелер де ұстанса деп тілейді теңдіктіктер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!