Табиғи шөппен-ақ табысты кәсіп жасаудың сыры неде?
Табиғи шөппен-ақ табысты кәсіп жасаудың сыры неде? Алматылық кәсіпкер халық еміне қызығушылықтың соңы үлкен бизнеске қалай айналғанын айтып берді. Көнені жаңғыртып жүрген Сүлеймен Маралбай кезінде бір бөлмелі үйде кәсіп бастап, қазір медициналық орталықтарында 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
12.08.2022
Сүлеймен Маралбай бұл салаға кездейсоқ келген жоқ. Ұзақ жыл ізденіп, шетелде білімін жетілдіріп, бес жыл бұрын орталық ашуға бекінген. Қазақ даласында мыңдаған шөптің түрі бар. Бұрын бабаларымыз қасиетін біліп пайдаланғанмен, қазір ұмыт қалған қазақы емді жаңғыртуға тәуекел етіпті. Талай жыл тау тасты, түрлі өлкені аралаған еңбегі, ізденісі еш кетпеген.
Сүлеймен Маралбай, кәсіпкер:
- Осыған дейін Қазақстанда көптеген медициналық орталық көрдім. Көбісі Қытай медицинасы, Тибет медицинасы, ұйғыр медицинасы деп ашқан. Бірақ қазақтың емін жалғастырып, соны жаңғыртып жатқан ешқандай медициналық орталық болмағаннан кейін, мен осы медицинаның жұмысын қолға алуды шештім.
Ұлт саулығы – адам капиталының басты қазығы. Сүлеймен Маралбай оны жете түсінеді. Орталықты ашқандағы о бастағы ойы да антибиотиксіз шөп арқылы азаматтардың денсаулығын оңалту еді. Мұнда әсіресе асқазан ауруымен алысып дертіне шипа іздегендер келеді.
Құрбангүл Қыдырова:
- Немерем ауырып, дірілдепқалшылдап, ДЦП-сы бар, соныменен екінші айым, бірінші айымның дәрісін алып іштік, жақсы әсер етті. Екінші рет келіп тұрмыз.
Кәсіпкер тек Алматыдағы орталықта 70 адамды жұмыспен қамтып отыр. Аз уақыттың ішінде кәсібінің өрісі кеңейіп, елдің 10 қаласында кеңселерін ашқан. Мұнда тек шөппен емдеуден бөлек арнайы курстар бар.
Сүлеймен Маралбай, кәсіпкер:
- Тек қана бізде осы шөппен емдейтін ғана сала емес, қосымша әртүрлі алғашқы көмек көрсету, адамдарға қалай укол салу, қалай шұғыл жағдайда көмек көрсету, қан қысымы көтеріліп жатқанда қалай көмек көрсету сияқты күнделікті алғашқы көмек көрсету курстары бар. Массаж жасауды үйрететін, ине салу курстары бар.
Отандық медицинаның жаңа қырын дамытуды, шетелге танытуды мақсат еткен азамат «елдің ертеңі тек еңбек еткен адамда» деген қағиданы берік ұстанады. Қазіргі жетістікке тоқмейілсімей, одан әрі де бұл салаға тереңірек бойлап, зерттеуін тоқтатпайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!