Үйде жалғыз қалған 3 және 5 жасар қыз өрттен қаза тапты – Ақмола облысы
Ақмола облысында жер үйде өрт шығып, 3 және 5 жасар қыз бала қаза тапты. Олар түтінге тұншығып қылған. Балақайлар үйде жалғыз болған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
12.08.2022
Оқыс оқиға Жаңақима ауылында болды. Ес-түзсіз жатқан кішкентай екі қызды терезеден түскен көршісі таза ауаға алып шығып жедел жәрдем шақырған. Құтқарушыларға да хабар берген де сол азамат екен. Балақайларды ауылдық ауруханаға жеткізгенімен, екеуі де ес жимай қайтыс болды. Оларға ыс тиген.
Өрт жатын бөлмеде басталып, төсек-орын, кереует түгі қалмай жанып кетіпті. Үй ішін қатты түтін басса керек. Пластикпен қапталған төбе де балқып ағып түскен. Осы уақытта 3 және 5 жасар қыздар үйде жалғыз болған. Әкесі жұмыста, анасы есікке құлып салып дүкенге кеткен. Алдын ала болжам бойынша, балалар сіріңкемен ойнаған.
Қайрат Дәленов, Ақмола облысы ТЖД басқарма бастығы:
- Небәрі өртенгені екі шаршы метр жер. Бірақ түтін қою болған. Өртенген заттардан газ бөлінген. Терезеден шыққан түтінді байқап қалған көршісі жүгіріп жеткенімен, есікті аша алмапты. Қазір өрттің шығу себебі тексеріліп жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, өрттехникалық сараптама тағайындалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!