Жаңа министр Серік Жұманғарин журналистерге ағынан жарылды
Жаңа сауда министрі де шайды шекерсіз ішеді екен. Бірақ Сұлтанов сияқты балмен емес, тосапты жөн көреді. Бүгін жаңа қызметте Үкімет отырысына алғаш қатысқан Серік Жұманғарин журналистерге осылай ағынан жарылды.
Автор: Елдос Есенбол
16.08.2022
Сауда және интеграция министрлігін уақытша басқаруға келген шенеуніктің шешуі тиіс мәселе көп. Дүкен сөресіндегі бағынбаған баға, әсіресе, қат тауарға айналған қанттың жайы бөлек.
Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы:
- Мен кеңес одағы кезінде армияда үйренгенмін, сонда қызметте болдым, онда қант бермейді. Қантсыз қара шай ішемін. Бірақ тосаппен ішеміз.
Өзі жемесе де, су жаңа министр алдымен қант мәселесін шешуге ниетті. Бұған уақыт та тығыз дейді. Ең бірінші – қант қызылшасының алқабын кеңейту керек деді Жұманғарин. Ал оған дейін Латын Америкасы мен Үндістаннан шикізат әкелу үшін келіссөздер жүргізілгелі жатыр екен. Жұманғарин тапшылықты қолдан жасап қант бағасын көтерген монополистерді де біледі. Бірақ олардың атын атаған жоқ.
Еске салайық, құзырлы орындар бұған дейін әлдекімдердің зауыттардан қантты сатып алып, кейін көтерме саудагерлерге өткізбей қойғанын анықтаған. Тергеу әлі жалғасуда. Ал бағаны да реттей алмай, қант тапшылығын да шеше алмай, президенттен сөз естіп, күні кеше қызметінен кеткен Сұлтановқа жаңа министр «білікті маман» деп баға берді.
Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы:
- Бақыт Тұрлыханұлы, өздеріңіз білесіз, тәжірибелі, белсенді кәсіби азамат. Әрине, ол қиын уақыт болды. Екі қара аққу қайдан шыққанын білесіздер ғой. Бірінші – Ковид-19, екінші – қазір Украина дағдарыс болып жатыр. Ол, әрине, қазір бағаларға да, логистикаға да әсер етіп жатыр. Сол себепті қазір біреуді жамандайтын жағдайымыз жоқ. Менің міндетім – ертең осындай жағдай ешқашан да қайталанбасын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!