{metadescription}
Жаңа оқу жылы: Мектептер дайындығы, мектеп формасы, кітап бағасы
Жаңа оқу жылы: Мектептер дайындығы, мектеп формасы, кітап бағасы

Жаңа оқу жылы: Мектептер дайындығы, мектеп формасы, кітап бағасы

Елімізде 50-ге жуық мектеп 1-қыркүйекке дейін жөндеу жұмысын аяқтап үлгермеуі мүмкін. Ал оқушылардың уақытша қай жерде білім алатыны белгісіз. Бүгін Үкімет отырсында Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылындағы орта білім ордаларының дайындығы туралы айтты.

Министрге қойылар сауал көп. Әсіресе ұзартылған оқу маусымынан бастап, мектеп формасы мен кітап бағасына дейін.

Ата-аналар қарсылығына қарамастан, оқушылар каникулы не себепті қысқатылды? Кім ұтып, кім ұтылады?

Бүгін Үкімет кулуарында Асхат Аймағамбетов тілшілердің қалаулы нысанына айналғандай. Оқу-ағарту министрі сұрақ-жауапға бір сағаттан астам уақытын арнады. 1-қыркүйек жақындаған сайын оқу ошақтарына қатысты сұрақ та көбейе түскен. Ең алдымен Аймағамбетов күні кеше ғана бекітілген оқу жылының жаңа форматын тәптіштеп түсіндіруден бастады.

Министрліктің дәл осы шешімі көпшіліктің сынына ұшыраған еді. Ата-аналардың көпшілігі әу бастан бұл шешімге қарсы болған. Бірақ Асхат Аймағамбетов санаулы күндердің қысқаруы біраз мәселенің түйінін шешеді деп отыр. Біріншіден, бұл қадам әлі бескүндік оқу жүйесіне көше алмай жүрген мектептердің жүктемесін азайтып, миллион оқушынының өмірін жеңілдетеді екен.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Бір жарым миллион бала, осы бір оқу жылының ішінде 36 сенбі күні енді демалыс күні болады. Сонда осы демалыс күні ол балалар атаанасымен болады. Ол балалар қосымша секцияға баруға мүмкіндік алады. Әлде ол балалар жай ғана үйінде болып, толық демалуға мүмкіндік алады.  Екіншіден, 150 мыңға жуық мұғалім осы күні, балалар оқығаннан кейін мұғалімдер де жұмыс істейді ғой. Олар енді өз баласымен болуға, сабаққа дайындалуға, үйінде болуға мүмкіндік алады.

Бірақ бұдан оқу ордаларындағы орын тапшылығы түбегейлі шешіліп кете қоймайды. Өйткені қазір 260 мыңдай оқушы мектепке сыймай жүр. Тіпті бұл көрсеткіш 2025 жылға дейін миллионға дейін жетіп қалуы әбден мүмкін. Ал 50-ге жуық орта білім ордасында жөндеу жұмысын толық аяқтап үлгермеу  қаупі бар.

Десе де биылғы оқу жылының жағымды жаңалығы да жоқ емес. Мысалы, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларға мектеп формасына алуға берілетін қаражат тікелей ата-анасының шотына аударылады. Сондай-ақ өтемақының ең төменгі мөлшері де өскен.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Мысалы, Солтүстік Қазақстанда алдыңғы жылы 17 мыңға жуық теңге ғана болды. Бір адамға ғана бөлінетін. Кейбір өңірлерде 20 мың, кейбір өңірлерде 25 мың болды. Биыл біз ең төменгі деңгейін 37 мыңға дейін көтердік. Бірақ кейбір өңірлер бар, мысалы Алматы 57 мың теңге болады деп көбейтілді. Біз оны қолдадық.

Айтпақшы, сөз арасында министр өз баласының мектеп формасына қанша жұмсағанын да айтты. Аймағамбетов ұлын мектепке дайындау үшін 35 мың теңге жаратыпты. Министрдің мұндай арзан жерді қайдан тауып алғаны белгісіз. Бірақ өзі түбіртекті көрсетуге дайынмын деп кетті. 

Ал оқу маусымындағы өзгеріске байланысты ата-аналар наразылығын Асхат Аймағамбетов қалыпты деп санайды. Білім, ғылым саласына қатысты кез келген шешімге көпшіліктің бастапқыда үрке қарауы заңды  құбылыс дейді. Бұл ретте тіпті оның қызметтен кетуін талап етушілердің арызын да салқынқанды қабылдады. «Бәрі заң шеңберінде шешіледі», - дейді Аймағамбетов.

Еске салайық, биыл оқу жылы 1-қыркүйектен басталып, 1-маусымда аяқталады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде