Ақтаудағы қанды қылмысқа қызғаныш себеп болуы мүмкін
Ақтаудағы қанды қылмысқа қызғаныш себеп болуы мүмкін. Бүгін сұмдық жайтқа қатысты жаңа деректер анықталды. Кеше Акқтаудағы пәтерлердің бірінен ер адам мен әйелдің өлі денелері табылған. Ал қылмыс болған жерден тағы бір қыз қашып шығып, көршілердің үйіне жасырынып аман қалған.
Автор: Руслан Әбдіхалық
18.08.2022
Ләззат Достанова, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Жігіт пен қыз пәтер жалдаған. Сосын оларға бір жігіт пен қыз қонаққа келген. Олар ішкен, кейін қыздарды бөлісе алмай, бірбірін қызғанып, содан өлім болған деп естідім. Жігіт пен бір қызды өлтірген, содан кейін бір қыз қалған. Ол қызға таңға дейін зорлық-зомбылық жасаған, таңға жуық есікті ашып, қашып кеткен.
Қаныпезердің қолынан сытылып шыққан жәбірленуші төменгі қабаттағы көршілердің үйіне жартылай жалаңаш кіріп келген. Сөйтіп сол жерде жасырынып, полицейлерге хабар беріпті. Ал шұғыл жеткен тәртіп сақшылары баспанадан екі адамның мәйітін алып шықты. Куәгерлер қанды оқиға болған пәтердің жалға берілетінін және онда ылғи жынойнақ болып тұратынын айтады. Бұл жайында өздері тиісті орындардың бәріне шағымданғанымен, нәтиже болмаған. Ал түнімен қорлық көрген қыздың қашып кеткенін кеш байқаған күдіктінің өзі оқиға орынан із суытыпты. Бірақ алысқа ұзап кете алмады. Ықшамауданды бірден қоршауға алудың нәтижесінде қаскөй қолға түскен.
Әйгерім Ибаттулаева, Маңғыстау облысы ПД баспасөз хатшысы:
- 28 жастағы күдікті ұсталып, Ақтау қаласының полиция басқармасына жеткізілді. Аталған дерек ҚР ҚК 99-бабы, 2-бөлігі бойынша тіркелді. Тергеу жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!