Өтеген батыр кентінің тұрғындары биік үйдің құрылысына қарсы – Алматы облысы
«Көлеңкесінде қаламыз». Алматы облысы Өтеген батыр кентінің тұрғындары 12 қабатты үйдің құрылысына қарсы шықты. Жұрт шағын жерді көгалдандырудың орнына тұрғын үй кешенін салуға қалай рұқсат бергенін түсінбей дал. Үш қабатты ескі үйде тұратын тұрғындар құрылысты қазір тоқтатпаса, күн түспегені өз алдына, іргетасымыз үгітіле ме деп алаңдайды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
19.08.2022
Ал әкімдік пәтер кезегінде тұрғандардың мәселесін шешу үшін бәрібір көпқабатты үйдің салынатынын жеткізді.
Түтінін түзу түтеткен тұрғындардың мазасы мамырдан бері қашты. Аз уақытта тас шайнар техникалар алаңқайды үш метр тереңдікке дейін қазып тастады. Тұрғындар құрылыс қарқын алмай тұрып базынамыз естір құлаққа жетер ме деген көмескі үмітпен бүгін кезекті рет жиналды.
Мақсат Іркітбаев, Өтеген батыр ауылының тұрғыны:
- Бұл заңсыз салынып жатыр, барлығы мына жерде 12 қабат, балашаға ойнайтын алаңымыз да қалмады. Мынау біздің бала-шаға ойнайтын алаң болатын. Ол да жоқ. Жалпы айтқанда көршілеріміз бәріміз қарсымыз, бұл үйдің салынуына, бұл жерде істелініп жатқан заңсыз нәрсе көп.
Ширек ғасыр өсіп келген 100-ден аса талды отағандар неге экологияны ойламайды деп тұрғындар ширыққан. 12 қабат үй бой көтерсе, күннің көзін көруден қаламыз дейді. Қазірдің өзінде жел тұрса шаңға бөгіп, терезені де аша алмай қалған.
Наталья Шубина, Өтеген батыр ауылының тұрғыны:
- Барлық жер жапжасыл еді. Ағаштар қатты желден қорғайтын. Кезінде әкешешелеріміз арнайы еккен. Одан бөлек, судан тапшылық көруіміз мүмкін. Қазірдің өзінде суық су жөнді берілмейді. Ал 12 қабатты үй салынса не болмақ? Ешкім бізбен санасқан жоқ.
Тұрғындарды толғандырған мәселеге қатысты жергілікті әкімдік жауап берді. «Бәрі талапқа сай, ешқандай заңбұзушылық жоқ» - дейді. Ал бұл кешен негізінен мемлекеттік бағдарлама бойынша беріледі, сол арқылы кезекте тұрғандардың саны азаятынын айтады.
Қанат Рахымов, Энергетический ауыл округінің әкімі:
- Үйге тұрған тізіміміздн 7 мыңнан аса адам тұр. Ол әр санатқа бөлінген. Бүгінгі күні құрылысқа рұқсат берілген барлық нормативке сай және де ең бастысы, халықпен кездесуімізде халықтың әр сұрағанын, халықтың айтқан сөзін, мұқтажын қарастыра отырып, барлық жобаны өзгерткен болатын.
Әкімдіктің айтуынша, құрылыс компаниясы бұл ескі үйлердің сыртын бояп, айналасын көгалдандыруға жоба бойынша міндеттелген. Тұрғындар қанша жерден қарсы болғанымен, кешен заң аясында бәрібір салынатын болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!