Жаңа оқу жылы: Бес күндік оқу жүйесі. Мұғалім айлығы. Педагог жүктемесі
Жаңа жылдан бастап елдегі барлық мектеп бес күндік оқу жүйесіне көшеді. Ал мұғалімдердің айлығы қыркүйіктен бастап тағы өседі. Алдағы бірер айдың ішінде орта білім ордаларындағы зорлық-зомбылық, күш-көрсету деректерінің алдын алу үшін балаларды қорғайтын кешенді жоспар да әзірленуге тиіс.
Автор: Елдос Есенбол
19.08.2022
Атқамінерлер бұл тек оқушынының емес, мұғалімнің де қауіпсіздігін ескеріп, психологтың қызметін ұсынуы керек деген пікірде. Барлығы дәстүрлі тамыз конференциясында айтылды. Жаңа оқу жылына дайындық қалай?
Жаңа оқу жылы жақындаған сайын мектеп пен балабақша төңірегінде сауал көбейгені рас. Орта білім ордаларының дайындығы қалай? Биыл нендей жаңашылдықтар бар?
Тамыз конференциясында вице-премьер Ералы Тоғжанов, оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бастаған шенеуніктер аталмыш сұрақтарға жауап беруге тырысты.
Ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндет. Мұны өз кезегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап айтқан. Оның үстіне ішкі істер министрлігінің дерегінше, елдегі орта білім ошақтарының барлығы бірдей бұл талапқа сай емес. Сол себепті мұны сөз арасында вице-премьер Ералы Тоғжанов та ескеріп, қыркүйектің аяғына дейін мектептегі зорлық-зомбылықтан қорғау жөнінде кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.
Ералы Тоғжанов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
- Бұл сұрақ оңай емес екенін білемін. Әсіресе алыс ауылдардағы мәселелерде ол сұрақтар бар. Министрліктің жердегі департаменттің жедел басқару орталығы бар ғой. Соған қосу да оңай жұмыс емес. Бірақ осы бүкіл шешу жолдарын қарастыруға байланысты аймақтар нақты шешім қабылдау керек.
Балалардың қауіпсіздігі деген кезде тек оқушылардың емес, мектептердің де жай-күйін ескерген жөн. Себебі, оқу ордалары тұтастай іргесі берік, еңсесі биік емес. Сол себепті апаттың күйдегі мектептерді сүріп тастау, орнына жаңасын салу міндет.
Бұған дейін Үкімет биыл елде 225 мектеп салынға тиіс деген. Яғни жаңа оқу жылында жаңа мектеп, жаңа ережелермен. Бүгін Асхат Аймағамбетов сол көп өзгерістің тағы бірімен таныстырды. Енді елдің барлық орта білім ошақтары бес күндік оқу жүйесіне көшіріледі.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Келесі жылдан бастап үш ауысымда оқытатындарын қоспағанда, барлық мектеп бес күндік оқу форматына көшіріледі. Бұл мектеп директорларына, мұғалімдерге, барлық қызметкере қатысты. Біз ұстаздар сенбіде демалып, балаларымен бірге болуы керек деп санаймыз. Бұл жерде шешім еңбек демалысы күндеріне әсер ете ме деген заңды сұрақ туындайды. Жоқ. Демалыс уақыты 56 күн болып өзгеріссіз қалады.
Мұғалім мәртебесін әлде де көтеру мәселесін депутаттар да қолдап отыр. Мысалы, мәжілісмен Жұлдыз Сүлейменова ұстаздарға психологтың қолдауы қажет дегенді айтты. Бұл қадам мұғалімдерді желідегі кибербуллингтен қорғайтынына сенімді. Сондай-ақ депутат шалғай ауылдардағы мектептер де назардан тыс қалмағаны жөн дейді.
Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты:
- Ауыл мектептерінде биылғы оқу жылында, мүмкіндік болса, жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу кезек, ол кезек күттірмейтін мәселе деп атап өткім келеді. Көптеген ауыл мектептеріндегі жан басына шаққанадағы қаржыландыру болмауы есебінен жалпы материалдық техникалық жабдықтау көптеген мәселелер шешілмеуде. Сондықтан да осы ауылдың түлектерінің еңбек нарығына сай болып дамуы үшін ауыл мектептерін дамыту қажет деп атап өтеміз.
Тәрбие тал бесіктен басталады. Сол себепті тамыз конференциясында тек мектеп емес, балабақша жайы да сөз болды. Жаңа оқу жылынан бастап мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдарындағы педагогтардың жүктемесі азайтылады. Осылайша бұл мамандыққа деген сұранысты арттыруды жоспарлап отыр. Себебі, 2018 жылы мектепке дейінгі білім беру мамандығының грантына 11 адамнан келсе, қазір бұл көрсеткіш 1-ге де жетпейді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Қазір бір тәрбиешіге шамамен 25 баладан келеді. Шетелдік тәжірибеге қарасақ, оларда 12-15 бала қамтылады. Сондықтан біздегі пилоттық жоба аясында екі тәрбиеші күні бойы бір топта жұмыс істесе, бір тәрбиеші 12-13 баланы қамти алады. Сол кезде олар балаларға көп көңіл бөліп, педагогке түсетін жүктеме азаяды.
Қай саланың маманын болмасын, ең мықты ынталандыру – жалақы екендігі айтпаса да белгілі. «Биылғы оқу жылында ұстаздардың айлығы тағы 25 пайызға өседі», - дейді Асхат Аймағамбетов. Бұл қатарда балабақша тәрбиешілері мен қосымша білім беру ұйымының педагогтері бар.
Бұдан былай мектеп мұғалімдерін түрлі іс-шараға, концерттерге залды толтыратын көрермен ретінде қолдануға жол берілмейді. «Бұндай әділетсіздікті тоқтату керек», - деді оқу-ағарту министрі. Педагогтердің құзіретіне кірмейтін есеп-қисапты орындауға да міндетті емес. «Әр мұғалім күніне тек екі құжат толтыруы керек», - деп түйіндеді сөзін Асхат Аймағамбетов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!