Ақтөбе тұрғындары полигон өртінен түтінге тұншығып отыр
Ақтөбедегі қоқыс полигонынан өрт шығып, қаланы түтін басты. Кешелі бері әр жерден бықсып жанған отпен өрт сөндіру қызметіндегілер мен коммуналдық мекеме жұмысшылары алысып жатыр. Жалын шарпыған аумақ – 800 шаршы метр.
Автор: Жаңалық Ахаш
23.08.2022
Полигондағы өрттен Ақтөбенің бірнеше ықшамауданының тұрғындары түтінге тұншығып отыр. Есік-терезесін қанша бітесе де, ыстың иісі кетер емес. Өрт сөндірушілер оттың кеше кешке тұтанғанын айтады. Бықсыған қоқыс қайта-қайта тұтанып, өшіру қиын болған. Полигондағы қоқыс қалыңдығы 15-20 метрге дейін.
20 жылға жуық тұрмыстық қалдық жиналған бұл жерді дереу жабу керектігін айтады төтенше жағдайлар департаментіндегілер. Жаз бойы он шақты рет өрт шығып, қоқыс алаңына жауапты коммуналдық мекемеге де бірнеше рет айыппұл салынған.
Марғұлан Аманбаев, Ақтөбе облысы ТЖД бастығы:
- Негізі өрт шығу себебі – полигонның астындағы метанның қызуы. Ол жоғарыға көтерілгеннен осындай өрт болып отыр. Өздеріңіз білесіздер, бұл полигон 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір ол өз ресурсын бітірді деп ойлаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!