Қол-аяғы сынған егіз ұлдың анасы оңалту орталығын жауапқа тартпақ
Ақтөбелік келіншек мүгедек балаларға арналған жекеменшік оңалту орталығын жауапқа тартуды талап етіп отыр. Өйткені емдеуге әкелген егіз ұлының осы орталықта қол-аяғы сынған дейді.
Автор: Жаңалық Ахаш
23.08.2022
Гүлбану Жамбозова орталық мамандары балаларға дер уақытында алғашқы көмек көрсетпегеніне ашуланып полицияға арыз түсірді. Ал емдеу орталығы ерекше күтім қажет ететін балаларға бас-көз бола алмағаны үшін 50 мың теңге өтемақы беруге даяр екенін білдірді.
Психикалық дамуы тежелген егіз ұлын Гүлбану Жамбозова жекеменшік оңалту орталығына емдетуге әкеліпті. 88 мың теңге ақшасын төлеп, балаларының денсаулығы түзелер деген үмітте болған. «Бәрі керсінше болды», -деп күрсінеді әйел. Осындағы әткеншектен құлаған бір ұлының башпайы, екіншісінің қолы сынған. Балаларының жарақат алғанын тек кешкілік үйіне алып кетер кезде ғана біледі. Оңалту орталығындағылар ата-анасына ескертпегені былай тұрсын, жедел жәрдем де шақырмады деп отыр.
Гүлбану Жамбозова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Осы орталықтан екі рет құлап жарақат алды. Біреуі башпайын сындырды. Біреуі қолын сындырды. Маған: «Бала әткеншектен құлап қалып, байқаусызда сындырып алды», деді. Неге маған айтпады? Неге алғашқы көмек көрсетілмеді? Ауруханаға неге апармады? Тым құрығанда жедел жәрдем шақыруға болады ғой. Мен кешке біліп тұрмын.
Оңалту орталығының басшылары сол күні-ақ балалардың анасынан кешірім сұрап, алдынан өттік деп ақталады. Қол-аяғы сынған егіз ұл үшін небәрі елу мың теңге моральдық шығын өтеуге дайын. Бірақ мұнымен келіншек келіспейді.
Руслан Қозыбаев, оңалту орталығының басшысы:
- Моральдық шығын ретінде елу мың теңге беруге дайынбыз. Қалған шығынын есептеп, балаға қажет көмекті көрсетуден қашпаймыз. Жұбайым осы жағдай үшін кешірім сұрап барды. Өзімнің де 17 жастағы аутизм балам бар. Науқас балалар қанша жерден қадағалап, бақылап отырғанда жарақат алады.
Жергілікті денсаулық сақтау басқармасындағылар жекеменшік оңалту орталықтарына қандайда бір шара қолдануға құқымыз жоқ дейді. Тек ескерту айтып, кеңес берумен ғана шектеледі.
Бақытжан Түлкібаева, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл орталыққа хат жазамыз. Оның басшысымен келісеміз. Арнайы бақылау жасайтын департамент бар. Департаментке хат жазамыз.
Қол-аяғы сынған егіз ұлдың анасы тәртіп сақшыларына арызданған. Олар қылмыстық іс қозғап, тексеру жүргізбекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!