Ұлттық ұлан сарбазы қызмет орнында атылып өлді
Қызмет орнында атылып өлген. Алматыдағы теңге сарайын күзеткен Ұлттық ұланнның әскери қызметшісі суицид жасады. Басынан өз-өзін тапаншамен атқан 21 жастағы Абылай Сабыров сол жерде тіл тартпай кеткен.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
23.08.2022
Ұлттық ұлан басшылығының мәліметінше, қатардағы жауынгер стратегиялық маңызы бар нысанды күзетіп тұрған қызметтесін түскі асқа алмастыруға барыпты. Сол уақытта өзінің табельді қаруы «Макаров» тапаншасымен атылып қалған. Марқұм әскери борышын Батыс Қазақстан облысында өтеген. Ал Алматыдағы 36-50 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызметке кіріскеніне жеті айдан асыпты.
Қаруды қалай және қашан қолданатынын жақсы білетін Абылайдың өліміне қызметінің еш қатысы жоқ дейді Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы. Оқиғаның мән-жайын тергеу анықтайды деген әскери бөлімдегілер қызметіне адалдық танытқан жігіт жақында жоғарғы лауазымға да ұсынылғанын жеткізді. Алайда Абылай жаңа қызметке сол күйі тағайындалмай өмірімен ерте қош айтысты. Көпбалалы отбасында дүниеге келген марқұм үйдің тұңғышы екен. Оның денесін туыстары бүгін туған жері – Текелі қаласына алып кетті.
Ниязтай Әлкешев, ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының орынбасары:
- Сарбаздың қазасы қазір белгілі болғандықтан, әскери қызмет атқарумен байланысты емес. Сабыров Абылай қызметін жақсы өткерді. Оның құжаттары жоғарғы бас қолбасшысына жіберіліп, ол жоғарғы лауазымға тағайындалу керек болатын. Әскери тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғап, мәнжайды тексеріп жатыр. Ал біз өз тарапымыздан, Ұлттық ұланның бас қолбасшылығы, қызметтік тексеріс жүргізіп жатырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!