{metadescription}
Сайрамда апатты мектеп оқушыларды қабылдамақшы – Түркістан облысы
Сайрамда апатты мектеп оқушыларды қабылдамақшы – Түркістан облысы

Сайрамда апатты мектеп оқушыларды қабылдамақшы – Түркістан облысы

Түркістан облысында қабырғасы қақырап, едені ойылып жатқан мектеп оқушыларды қабылдамақшы. Сайрам ауданына қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп ғимаратының бақандай екі корпусы – спорт залы мен асханасына дейін адам өміріне қауіпті деп жабылған.

Бұл туралы аудан әкімінен бастап облыстық мәслихат депутаттарына дейін хабардар дейді ауылдықтар. «Көп күттірмей мәселені шешеміз» дегенімен, бірнеше жылдан бері сөз жүзінде қалған. Ал ата-аналар қауіпті мектепке ұл-қызын жіберуге қорқады.

Сайрам ауданына қарасты Әсіларық ауылындағы мектептің сырты бүтін көрінгенімен іші адам шошырлық. Қабырғасы қақырап тұр. Тіпті ересек адамның қолы емін-еркін сиятындай жарылған. Зәре-құты қашқан ата-аналар сызаттардың жыл санап емес, ай санап үкейіп бара жатқанынан қорқады.

- Мектебіміздің жағдайы мынандай. Апатты жағдайда. Мынау қолың, 4 жылдың ішінде болған жарық. Төмен түсіп бара жатыр. Еден шіріп жатыр. Балалар осындай апатты жағдайда оқып жатыр.

Данияр Үсіпбеков, Сайрам ауданының тұрғыны:

- Жалғыз мен емес, бүкіл атаана қорқады осы жерге баласын жіберуге. Үрейленіп отырады, Құдайға жалбарынып отырады, мектептен аман-есен келсін деп. Оның үстіне біліп отыр ма, білмей отыр ма, қалған сызаттарды, мектептерді мұғалімдер бояп, жылда жөндеп қояды.

Мұндағы мұғалімдердің сөзінше, 2009 жылы мектеп пайдалануға берілгеннен соң-ақ бірден қақырай бастаған. Еден ойылып, плиталары өрмекшінің торындай жарылып кеткен. Ал оқу ордасының ішіндегі дәретхана мен шешіну бөлмесіндегі душ бір күн де істемепті. Былтырдан бері қауіпті деп, педагогтардың өзі ғимараттың 40 пайыз бөлігіне оқушыларды кіргізбейді.

Зейін Бекмұратов, мұғалім:

- Осы басты корпусты жапты да, мына екі шетінде оқыдық қой. Екі жағында, иә балалар қысылады. Амал жоқ. Спорт зал жарамсыз екен, Спортты стадионда өттік. Жаңбыр, қар болса, сыныпта.

Тәуелсіз сараптама  спорт зал, мәжіліс залы мен асхана адам өмірі үшін қауіпті деп таныған. Мектептің қамқоршылық кеңесінің шақыртуымен мұнда аудан әкімінен бастап, мәслихат пен мәжіліс депутаттарына дейін болған. Көзбен көріп, дереу мәселені шешеміз дегенімен, нәтижесіз қалған.

 Гүлайым Оразаева, қамқоршылық кеңесінің мүшесі:

- Облыстың әкімі Шөкеевке үш мәрте хат жолдадым. Үшеуінде де жауап келді. Соңғы жауапты өздеріңізге көрсеттім, сіздердің мектептеріңізге қаржы бөлінген, осындай сараптама жасалынған. 675 миллион теңге бөлінген биылғы жылдың 22 жылдың маусымынан бастап, күрделі жөндеу жұмысы жүреді деген жауап келді. Бірақ, одан да ешқандай қайран жоқ.

Бүгінде аудан әкімінен бастап, білім бөлімінің басшылығына дейін шақыртқанымен, бөлімнің бас есепшісі ғана келді. Айтуынша, күрделі жөндеуге талай мәрте ұсыныс берілгенімен, келесі жылға қала беріпті. Бұл жолғы да жауап солай дейді.

Нұрлан Бақтыбаев, Сайрам ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас есепшісі:

- Бұл мәселе осы жылы бөлінеді деген. Барлығы қаржыға келіп тіреледі. Бюджеттің мүмкіндігіне байланысты қазіргі күні бөліну мүмкін болмады. Енді кешегі күнде осы 2023-ке қалдырған соң, мынау оқу жылына қайтадан жиналыстар болып, шешу жолдары көтерілді. Сол жерде ұсыныс берілді. Бірінші тасымалдау, екіншісі жылу жүйесін жөндеп беріп, келесі жылға дейін оқуда күнделікті оқыту.

Білім бөлімінің 500 оқушыны басқа мектепке тасымалдайық дегеніне ата-аналар үзілді кесілді қарсылық білдірген соң, бірнеше жылдан бері істен шыққан жылу жүйесін жөндеп береміз деп келісілді. Сөйтіп қауіпті болса да, биыл оқушылар тағы тәуекел етіп мектепке келмек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде