Қазақстан мен Әзірбайжан арасында дипломатиялық қарым-қатынас
Қазақстан мен Әзірбайжан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл! Осы айтулы күн қарсаңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуге ресми сапармен барып, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесті.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
24.08.2022
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз ықпалдастықты басынан бастадық және бүгінде елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық туралы сенімді түрде айта аламыз. Осы серіктестігімізді одан әрі нығайту, оны әртараптандыру туралы декларацияға қол қойылды. Бұл алға қарай жасалған нақты қадам. Арамызда сенімді саяси диалог орнады, мемлекеттеріміз халықаралық алаңдарда, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы аясында нығайып келеді.
Бакудегі «Загульба» резиденциясында кездескен президенттер қазақ-әзірбайжан стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту керектігін тілге тиек етіп, мемлекетаралық қатынастардың қалыптасқан кезеңін еске алды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде екіжақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Ильхам Әлиевке «Алтын Қыран» орденін табыстады.
Сондай-ақ мемлекет басшысы қос елдің достығының нышаны ретінде Әзірбайжанның Физули қаласында Құрманғазы атындағы шығармашылық орталық салынатынын мәлімдеді. Келіссөз нәтижесінде тараптар маңызды құжаттарға қол қойып, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы байланысты одан әрі дамыту үшін ортаға мәмілеге келді. Бауырлар елдер арасындағы мәдениет, ақпараттық коммуникация, жоғары технология саласында ынтымақтастық орнатуды дамыту да назардан тыс қалмады.
Ильхам Әлиев, Әзірбайжан президенті:
- Біздің халықтарымызды тарихымыз, ортақ тамырымыз байланыстырады. Бүгінгі таңда егемендік жолымен сенімді қадам басып келе жатқан екі тәуелсіз мемлекет – Қазақстан мен Әзірбайжан экономикалық дамудың және әлеуметтік мәселелерді шешудің жоғары қарқынын көрсетіп келеді. Әлемдік аренада біздің елдеріміздің беделі артып келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!