Елде жанармайдың қоры да, өндірісі де жеткілікті
Елде жанармайдың қоры да, өндірісі де жеткілікті. Осылай деген Энергетика министрі қолдан дүрбелең туғызбауға шақырды. Өйткені қазір аймақтарда дизель үшін ұзын-сонар кезекке тұрып, мұны пайдаланған делдалдар бағаны да шарықтатып шыға келген.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
25.08.2022
Жауапты министрлік мұны өзінше түсіндіруге тырысты. Яғни қазір орақ науқанының нағыз қайнайтын шағы. Сәйкесінше дизель отынының үлкен көлемі бірінші кезекте шаруаларға және соларға арзандатылған бағамен үлестіретін жанармай бекеттеріне жіберіледі. Министр Болат Ақшолақовтың мәліметінше, дизель отынын тұтынудың шарықтау кезеңі шілде, тамыз және қыркүйек айларына келетінін ескерсек, жанармай бекеттері арқылы сатылған дизельдің көлемі екі-екі жарым есе өскен. Бірақ қажеттілікті өтеуге қордағы жанармай жеткілікті деп сендіріп отыр энергетика министрі. Мәселен, дизельдің өзі өткен айда 380 мың тоннасы өндірілсе, тамызда 491 мың тонна шығару жоспарланған. Тек оны тасымалдау мәселесі ақсап тұр екен.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
- Нарықтағы дүрбелең болмау үшін сол жағармайды жеткізу мәселесі ең маңызды болып жатыр қазір. Былай өзіңіз ойлаңыз, мұнай базаларында жанаржағармай бар, зауыттар тоқтамастан жұмыс істеп жатыр. Жанар-жағармайдың көлемі жеткілікті елде. Бірақ, тұтынудың көлемі 2 жарым есе өскен себебінен логистика жағынан оптимизация жасау керек. Сол мәселені жақын арада, алдағы бір-екі күн ішінде бүкіл күш-жігерімізді салып жатырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!