Тамыз форумы: Мұғалім болу үшін диплом жеткіліксіз
Мұғалім болу үшін қолда дипломның болуы жеткіліксіз! Елімізде биыл педагогикалық мамандықты меңгерген түлектердің 75 пайызы міндетті тестілеуден өте алмаған. Жаңа талапқа сәйкес, осы жылдан бастап жоғарғы оқу орнын тәмамдаған жастар мектепте жұмыс істеу үшін алдымен Ұлттық біліктілік тестінен шекті балл жинауы тиіс. Ал сыннан сүрінгендер білім ошақтарына орналаса алмайды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
25.08.2022
«Саннан сапа маңызды» деген оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов болашақ ұстазға қойылар талап мұнымен шектелмейтіндігін тамыз форумында айтты. Алматыда өткен педагогтардың дәстүрлі жиынында тағы қандай мәселе көтерілді?
Алматыда жаңа оқу жылы қарсаңында өткен педагогтардың дәстүрлі жиынына қала әкімінен бөлек оқу-ағарту министрі де қатысты. Асхат Аймағамбетов әңгіменің әлқиссасын жыл басында енгізілген жаңашылдықтан бастады. Оған сәйкес, педагогикалық университетті тәмамдаған түлектер мектепте жұмыс істеу үшін алдымен міндетті тестілеуден өтуі тиіс. Бірақ биыл бұл сынақтан диплом алған жастардың 75 пайызы сүрінген.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Түлектердің шамамен 27 пайызы осы тестілеуден өтіп, мектептерде жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Бұл талап өз кезегінде педагогоикалық университеттердің білім беру сапасын айқындады. 36 университет осы мамандықты дайындау бойынша лицензиясынан айырылды. Бұл жоғарғы оқу орындары болашақ біздің әріптестерімізге тиісті білім берген жоқ. Соған қарамастан міндетті тестілеу жалғасады. Себебі, бізге білімді мамандар қажет.
23 мыңға жуық педагог қатысқан форумда баспанасыз жүрген ұстаздардың жайы да қозғалды. Осы орайда қала әкімі Ерболат Досаев келесі жылдан бастап «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша жас мұғалімдер мен дәрігерлерге қосымша 100 квота берілетінін мәлімдеді.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Бізде «Алматы жастары» деген бағдарлама бар. Ипотекалық бағдарлама аясында жыл сайын мың адам баспанаға қол жеткізеді. Мен әріптестеріммен ақылдасып, келесі жылдан бастап жас мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған қосымша квота енгізетін болдық. Демек, мың адамнан бөлек тағы осы мамандықтар бойынша қызмет ететін 100 маман пәтер алу мүмкіндігіне ие болады. 50-і – жас мұғалімдер, 50-і – жас дәрігерлер.
Асхат Аймағамбетов 2025 жылға дейін ел бойынша мың мектеп салу жоспарланғанын жеткізді. Педагогикалық бағытта білім беретін университеттерге артылатын жүк ауыр. Министр жоғарғы оқу орындарының білім беру деңгейін арттыру аса маңызды деп отыр. Жиында білім ошақтарында сабақ беретін мұғалімдердің біліктілігі де сөз етілді. Осы мақсатта жаңа оқу жылында 50 педагог шетелдің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өтетін мүмкіндік алмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!