Қаржы пирамидасы: Ақтөбеде елдің миллиардтарын алдап алған алаяқтар сотталды
Ақтөбеде елдің миллиардтарын алдап алған алаяқтарға бүгін сот үкім кесті. Айыпталушы орындығында бақандай 48 адам. Олардың алды 7, соңы 18 жылдан жаза арқалады. Мұндай ауыр жазаны күтпеген кейбірі тіпті сот залында талып қалды.
Автор: Жаңалық Ахаш
26.08.2022
«Выгодный займ», «Гарант 24 ломбард», «Эстейт Ломбард» сияқты қаржы пирамидаларын құрған сыбайластар жылмысқы ойларын жылдар бойы іске асырып, 17 мыңнан аса тұрғынды сан соқтырған.
Сотталушылар мен жәбірленушілердің көптігінен сот процессі қоныс колониясының акт залында осыдан бір жыл бұрын басталған. 48 адамға қатысты іс 4 мың томға жетіп қалады. Бүгін судья үкім оқуға келгенде, залда ине шаншар орын болған жоқ. Қаланың шетіндегі қоныс колониясын тәртіп сақшылары қоршауға алып, бақылауды да күшейткен. Ал сотталушылар болса өздерінің бет-бейнесін фото-видеоға түсіруге қарсы болды.
«Выгодный займ», «Гарант 24 ломбард», «Эстейт Ломбард», «Нур-Али Капитал» қаржылық ұйымдарына қатысты іс бірге қаралған болатын. Осы пирамидаларға 17 мыңнан астам тұрғын 30 миллардтай ақша салған. Тек Ақтөбе өңірінің тұрғындары емес өзге 13 аймақтан жәбірленушілер арызданған. Сот ақыры осы күмәнді ұйымды құрған Жанболат Есіркеповтен бастап қалғандарына 7 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуге үкім шығарды.
Сейфолла Тасымбетов, Ақтөбе қаласы №2 сотының судьясы:
- Есіркепов Жанболатты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, оны 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Айыпты 10 жыл мерзімге қаржы және коммерциялық ұйымдарға басшылық ету құқынан айырылсын.
Үкімді тыңдауға жәбірленушілер аз келді. Өзге өңірлерде тұратындықтан көпшілігінің Ақтөбеге жеуі қиын болған. Дегенмен, сот залында болғандары жазаны құп көріп отыр. Бірақ салған ақшаларымызды қалай қайтарамыз деп уайымдайды.
Жарқын Арынғазина, Алматы қаласының тұрғыны:
- Алматы қаласынан келіп тұрмын. Ешқандай төлем алған жоқпын. Мен алып жатыр, алған жоқ деп естімедім. Кім алып жатқанын білмеймін. Әрине, келісемін, қайтарады деп үміттенемін. Неге десеңіз, Алматының бәрі үміттеніп отыр.
Ал қаржы ұйымдарында қызмет еткен менеджер мамандардың қорғаушылары іс дұрыс қаралмады деп отыр. Себебі, пирамиданы ұйымдастырғандар мен қарапайым қызметкерлердің ара-жігі ара-жігі ажыратылмады деген уәж айтады.
Нұрбибі Есмағанбетова, адвокат:
- Негізінен азаматтық істен басталу керек еді. Өйткені салымшылар неге сенді? Салымшылар сенді бұл заңды деп. Сол сияқты компанияда жұмыс істеген балалар да сенді заңды деп. Неге? Өйткені олар Егов арқылы тексерген кезде бұлар мемлекеттік тіркеуден өткен компания. Оны мемлекет біліп отырған компания.
Бүгінде сотталушылардың тек үшеуі ғана өз кінәларын жартылай мойындаған. Қалғандары өзіміз де алданып қалдық деп отыр. Сондықтан сот үкіміне апелляциялық шағым түсірмекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!