Алматыда тозығы жеткен мәдени һәм тарихи нысандар жаңартылады
Алматыда тозығы жеткен мәдени һәм тарихи нысандардың барлығы жаңартылады. Қала әкімі Ерболат Досаев халықпен кезекті кездесуінде алдағы үш жылда шаһарда жөндеу көрмей қаңырап бос тұрған ғимараттарды түгел қалыпқа келтіретінін жеткізді.
Автор: Сымбат Ғалымбекқлы
26.08.2022
Ең алдымен қаланың қақ ортасында орналасқан Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік драма театрын жаңарту жоспарланған. Бой көтергеніне 50 жылдан асқан ғимараттың дизайны әбден ескірген. Сондықтан әкем театрдың сыртын әйнек жабындысымен алмастырып, ауласында көрермендерге арналған галерея салу көзделіпті.
Шаһар басшысы 60 жыл бұрын ашылған «Целинный» кинотеатрын сүріп, орнына заманауи арт-орталығы салынатынын да айтты. Содан кейін Досаев қала ішінде қаңырап, нашақорлардың ордасына айналған тарихи нысандарды қалыпқа келтіру үшін арнайы бағдарлама әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Апатты жағдайда тұрған нысандар мен тұрғын үйлерді тып-типыл етіп бұзып, жаңа үйлер мен заманауи орталықтарды салу үшін барымызды салып жатырмыз дейді әкім.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Қазір ескірген тарихи нысандарды қалыпқа келтіру мақсатында арнайы бағдарлама дайындап жатырмыз. Әсіресе Кеңес одағынан бері жөндеу көрмеген нысандар мен үйлердің көзін жою қажет. Мемлекет басшысы бізге тапсырма берді. Мәселе алып шаһар сейсмологиялық қауіпті аймақта орналасқан. Сондықтан біз апатты жағдайға дайын болуымыз керек. Алдағы үш жылда бағдарлама аясында барлық ескі ғимараттарды жөндейміз. Қажет болса, орнына басқа нысан саламыз. Бұл тізімде үйлер де бар.
Қалада жыл өткен сайын тұрғын үй құрылысы қыз-қыз қайнап жатыр. Құмырсқаның илеуіндей биік үйлер бірінен кейін бірі бой көтеруде. Көпқабатты үйлердің көбеюі бұқараны әбден зәрезап қылған. Себебі, жұрттың тынысы тарылып, көлік қоятын жер таппай қиналуда. Балалар ойнайтын алаңдар мен саябақтардың жоқтығы да кездесу де сөз болды. Осы орайда қала әкімі Ерболат Досаев ұзақ жылдан бері жыр болған тығыз құрылыс мәселесін түбегейлі шешіп беремін деп уәде берді. Әсіресе Алмалы ауданында тиісті басқармадан рұқсат алмай, құрылысты жандандырған компаниялар бар көрінеді. Халық шаһар басшысынан санитарлық және құрылыс талаптарын өрескел бұзып жатқан құрылыс компанияларын тексеруді сұрады. Өз кезегінде әкім прокуратура мен жауапты басқармаға тапсырма беріп, аталған құрылыс заңсыз болса дереу тоқтатуды тапсырды.
Айта кетейік, осыған дейін қалада салынып жатқан екі бірдей тұрғын үй кешені заңсыз деп танылып, оларды сүру туралы шешім шыққан еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!