Жетісайда базар өртеніп, әмбебап сауда орны бір түнде күлге айналды
Түркістан облысының Жетісай қаласында ең үлкен базар өртенді. «Күлпаршын ана» деп аталатын әмбебап сауда орны бір түнде күлге айналған.
Автор: Бек Әбиев
26.08.2022
Өрт түнгі 3-тер шамасында базардың ең тығыз сауда қатарлары орналасқан төбесі жабық аумағынан шыққан. Әп -сәтте тараған оттан таңға дейін 900 шаршы метр аумақ жанып кетті. Куәгерлердің сөзінше, әсіресе киім-кешек, маталар мен тұрмысқа қажетті заттар сатылатын бөлігі өртеніп кеткен. Жалынның неден тұтанғанын және шығын көлемін облыстан арнайы келген комиссия анықтайтын болады.
Әзірге базар басшылығы ары кетсе 20 күн ішінде өртенген сауда орындарын қалыпқа келтіріп, зардап шеккен кәсіпкерлерге бір жылға тегін тұруға рұқсат береміз әрі салықтан босатамыз деп сабырға шақыруда. Қазір полиция «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Ал Төтенше жағдайлар департаменті жарақаттанғандар бар деп отыр.
Бақытжан Запаров, Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Өрттен адам өлімі болған жоқ. Екі адам жарақат алды. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды. Өрттің шығу себебі, көлемі, келтірілген материалдық шығын арнайы комиссиямен қаралады. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!