Арыстанбек Мұхамедиұлының қамаудағы мерзімі ұзартылды — 7 миллиард талан-таражға түскен
Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі 4 айға дейін ұзарды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі біраз былықтың бетін ашқанымен, әлі келтірілген шығынның есебіне жете алар емес. Қазірдің өзінде бюджеттің 7 миллиард теңгесі талан-таражға түскені анықталған.
Автор: Асқарбек Қазанғап
26.08.2022
Одан бөлек, экс-шенеуніктің министр болған кезінде туыстарының меншігіне біраз мекемені заңсыз берген деген де күдік бар.
Арыстанбек Мұхамедиұлының қамауға алынғанына әне-міне дегенше үш ай болды. Осы уақыт аралығында үш том кітапқа жүк болар тергеу материалы жиналған. Әдегенде оған «Алтын адамның әлем музейлерінде шеруі» халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу шарт аясында сыбайластарымен 146 миллион теңге жымқырды деген айып тағылған еді. Енді ол сома күн санап өсіп барады.
Антикордың соңғы дерегіне сүйенсек, қазір «Алтын адамнан» бөлек, тергеуге арқау болған іс көп. Бәрі мемлекет қаржысын жымқырумен байланысты.
Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондайақ Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорлары мен жалпы фотометриялық 3Д сканерлеу және Қазақстан Республикасының ұлттық киноколлекциясын цифрландыру жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілуде.
Алдын ала есеп бойынша келген шығын көлемі 7 миллиард теңге. Одан бөлек, Арыстанбек Мұхамедиұлы өз туыстары мен жақындарына біршама мекемені еншідей бөліп тастағаны да тексеріліп жатыр.
Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Бұдан басқа Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрлігі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша» республикалық жоғары спорт шеберлік мектебін, "Қазақ энциклопедиясы" акционерлік қоғамын және қазақ ғылыми зерттеу мәдени институтын заңсыз беруге қатыстылығы тексеріліп жатыр.
Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімін 4 айға дейін, яғни 26 қыркүйекке дейін ұзарту туралы сот қаулы қабылдады. Аталмыш қылмыстарға жалғыз бармағаны сөзсіз. Сондықтан сыбайластарын түгендеп, жымысқы әрекеттерінің жоспарын толық ашу уақыт еншісіндегі әңгіме. Бұл шулы іс сотқа жетем дегенше, бүгін айтылған 7 млрд теңге тағы да өсуі бек мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!