Қазақстан – ТМД бойынша такси құны ең қымбат елдердің бірі
Елімізде такси қызметі тағы қымбаттады. Бір жылдың ішінде тариф 11 пайызға шарықтаған. Мобильді қосымшалар қарбалас мезгілде небәрі бірнеше минуттық жерге удай бағаны ұсынады. Асыққан жолаушылардың белгіленген құны қымбат болса да, төлеуден басқа амалы жоқ. Ал жеке тасымалдаушылар мен такси компаниясының айтарөз уәжі бар.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
29.08.2022
Қасым-Жомарт Көбейсін Алматыда осымен бесінші жыл тұрады. Күнделікті қаладағы тіршіліктерін тындыру үшін ол такси қызметін жиі пайдаланады. Көбіне мобильді қосымша арқылы тапсырыс беріп діттеген жеріне жететін ол қазір көлікті жол жиегінен ұстайтын болған. Өйткені қосымшадағы таксидің құны тіптен удай. Басына бұйда кигізбей, ырыққа көнбей, тоқтамай ышқынып бара жатқан баға Қасым-Жомартты кәдімгідей есеңгіреткен.
Қасым-Жомарт Көбейсін, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бір ынтаң пайда болған кезде таксиге отырайын деген, бағасын көріп шошисың, қашасың. Кейде жаяу да жүргің келіп кетеді, ана бағаға қарап. Аспаннан бір тамшы жаңбыр түссе, бағасы керісінше аспанға ұшады. Таксидің бағасына қарап, әншейін қарапайым адамның күнделікті жүре берудің қолынан келе бермейді деп ойлаймын. Не жеке кәсіпкер, не әкімнің баласы, не министрдің баласы болу керек деп ойлаймын, ондай бағаны төлеп тұру үшін. Қалай бұлтты болады, жаңбыр болады, бағасы үш есе өзгереді. Өте қолайсыз.
Биыл үш өңірде такси қызметі айтарлықтай қымбаттапты. Оның ішінде Алматы да бар. Мұндағы таксидің құны бір жылда 28 пайызға бір-ақ көтерілген. Расында да жылдан жылға шарықтаған бағаны көріп жағаңды ұстайсың. Небәрі бірнеше шақырым жерге қосымша атасының құнын сұрайды. Әсіресе жұрт жұмысқа ағылатын таңғы уақыт пен үйіне қайтатын кешқұрым кезде жеткізудің құны екі-үш есеге дейін бірден аспандап шыға келеді. Көлікті жол жиегінен тоқтатқан күннің өзінде де баға біршама қалтадан ұрады. Оны өзіміз де тексеріп көрдік...
Төле би мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысы. Шет жақтан қалаға қатынайтындар мен ауыл-аймақтан келетін жұрттың басым бөлігі дәл осы жерден такси ұстап, шаһардың ішіне қарай кіреді. Бірі таксиді мобильді қосымша арқылы шақырса, өзгелері жолдың жиегіне шығып тұрып ұстайды. Қазір Алматының орталығына дейін такси жүргізушілері неше теңгеге апарады?
Құлшына тоқтаған жүргізушілердің көбі орталыққа дейін 2 мың теңгеге жеткізеді екен.
- Аға, Абай - Достық. Қанша болып жатыр?
- Қанша бересің?
- Білмеймін, аға. Қанша?
- 2 мың бола ма?
- Жақсы, жоқ.
- Көке, Абай - Достық қанша болады екен?
- Қанша болады?
- Білмеймін, аға. Айтасыңыз, шамамен.
- Абай - Достық 2 мың болады.
- Жақсы, жақсы.
Бассыз кеткен бағадан қарапайым тұрғындар тығырыққа тіреліп зардабын тартса, такси жүргізушілері жеткізу құнын тағы көтеру керек деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Олар қызмет түрі қымбаттағанымен, тапқан пайдамыз шығынды жаппайды деп шырылдап отыр. Өйткені жанар-жағармайдан бастап азық-түліктің құны да ай санап шарықтап барады.
Руслан Түкенов, Қазақстан такси жүргізушілері одағының төрағасы:
- Тұрғындардың бәрі неге қымбат дейді. Астанамыздағы кептеліс кезінде бір сапарды бір сағаттың төңірегінде жасаймыз. Сәйкесінше, баға өседі. Ал қарбалас жоқ кезде баға өте арзан. Қазір бәрі қымбаттап жатыр. Ақтөбе, Қарағандыны алсақ, ол жақтағы баға тіпті арзан. Бірақ ол жақтағы жол өте жаман. Көлікті ай сайын жөндеп тұру керек.
Қазақстандағы «Яндекс GO» компаниясы биыл бағаның көтерілгенін растап отыр. Мәселен, мамыр айынан бастап елордалықтарға «эконом» санатындағы такси 5,8 пайызға шарықтаған. Себебі, жазда тапсырыс көбейсе, жүргізушілердің саны азаяды дейді. Дегенмен қазір жағдай біршама тұрақталып келеді деп сендіріп отыр компания жетекшісі.
Байдүйсен Тайыр, Қазақстандағы «Яндекс GO» жетекшісі:
- Біздің сервисте жол жүру құны нақты уақыт режимінде күрделі Алгоритммен есептеледі, оған көптеген факторлар әсер етеді. Мысалы, осы ауданда тапсырыс беру кезінде бос машиналардың болуы, қаладағы кептелістер және ауа райы жағдайлары. Дәл қазір желідегі жүргізушілерге қарағанда тапсырыс көп болған кезде алгоритм автоматты түрде уақытша өсу коэффициентін қалыптастырады. Сондайақ жазда біз жүргізушілер санының маусымдық төмендеуін байқаймыз, көбісі жұмысқа, көрші қалаларға немесе демалысқа кетеді.
Сарапшылардың пайымынша, жалпы Қазақстан ТМД бойынша такси құны ең қымбат елдердің бірі болып отыр. Біздің алдымызда Әзірбайжан тұр екен. Небәрі бір жылдың ішінде елімізде такси қызметі 11 пайызға шарықтаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!