Пәкістанда нөсерден құрбан болғандар саны мыңнан асты
Тасқынға тосқын болмай тұр. Пәкістанда табиғат апатынан құрбан болғандардың саны мыңнан асты. Оның үштен бірі – балалар. Елде екі айдан бері нөсер жауын толастамай, адам сенгісіз жағдайға әкеп соқты.
Автор: Асқарбек Қазанғап
29.08.2022
Соңғы тәуліктің өзінде 20-дан аса тұрғын тасқынның астында қалды. 300 мыңға жуық үй мен мыңдаған көпірді су шайып кетті. Елде табиғат апатына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Әсіресе Пәкістанның оңтүстік өңіріне айтып келмеген апаттың салған жарасы көп.
Құтқарушылар кірпік қақпай қазірге дейін адамдарды қайықпен қауіпсіз жерге көшіріп әлек. Бірқатар өңірге адам аяғы жете алмай қатынас үзілген. Су мен жарықсыз қалған аймақтар да бар. Осындай сын сағатында Пәкістан билігі халықаралық ұйымдардан көмек сұрайды.
Ал синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Жаңбыр әзір басылмайды деп төтесінен айтты.
Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан президенті Ариф Альвиге жеделхат жолдады. Онда жақындарынан айырылған отбасыларға көңіл айтып, қиын кезде Пәкістан халқы мен үкіметімен бірге екенін жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!