AR Cup 2022 футбол турнирінің жеңімпаздары анықталды
Елордада балалар футбол турнирінің жеңімпаздары анықталды. Жыл сайын өткізілетін AR Cup 2022 балалар қайырымдылық футбол турнирінде жан-жақтан жиналған жас футболшылар еліміздің ең үлкен стадионында былғары доп тебеді.
Автор: Әзиза Төленби
29.08.2022
9-11 жас аралығындағы жеткіншектер өзара бақ сынасты. «Астана аренада» Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағандыдан келген кішкентай спортшылар ішінен чемпиондар анықталды. Олар «Арманда! Дос бол! Ойна!» ұранымен матч өткізді.
Айсұлтан Рахатты еске алу турнирі жыл сайын ұйымдастырылады. Оған Қазақстан біріншілігіне жасы жетпейтін, он бір жасқа дейінгі өрендер қатысады. Былтыр жарысқа тек астаналық командалар қатысса, биыл оған үш қаладан 10 команда келген. Осылай жыл сайын топтардың саны арта бермек.
Максим Жалмағанбетов, ұйымдастырушы:
- Еліміздегі басты аренаны балаларға көрсете алғанымызға қуаныштымыз. Бала кезімде бұл мен үшін арман болушы еді. Үлкен стадионның атмосферасын сезіну олардың бала армандарының кәсіби деңгейге өсуіне мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Футбол алаңын көргеннен кейін күнделікті жаттығудан қалмай, осынжай қайтып келу үшін мықты мотивация болатыны сөзсіз.
Биыл додаға 150-ге жуық бала келген. Олардың арасында 10 жастағы Аруна Нұркен де бар. Астаналық ару кәсіби футболшы болуды армандайды. Арманына жету жоспары да дайын. Екі жасынан футбол алаңында жүрген Аруна осыған дейін көптеген жоғары деңгейлі матчтарға қатысқан.
Аруна Нұркен, жас футболист:
- Кәсіби, танымал футболшы болғым келеді. Ол үшін жаттығуды үзбеу керек. Турнирлерге қатысып, жеңу керек. Сонда сені бәрі көреді, келесі жарыстарға шақырады. Бізде үй де, әкем де, анам да футбол ойнайды, жақсы көреді.
Екі күнге созылған турнирде «Астана» балалар футбол клубы оқ бойы озып шықты. Олар жеребе бойынша ойнаған барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Турнирдің күміс жүлдесі Қарағандылық «Шахтер» командасына, қола жүлде алматылық «Қайратқа» бұйырды.
Данат Әділов, «Астана» балалар футбол клубының капитаны:
- Финалда біз «Шахтер» командасын жеңдік. Ойын қызықты өтті. Біз кәсіби алаңда ересек футболшылар сияқты ойнауға тырыстық. Керемет болды! Болашақта белгілі футболшылар болу үшін белсенді түрде жаттығуымызды жалғастырамыз.
Медаль таққан балалардың қуанышында шек жоқ. Осы жеңіс үшін олар қанша терін төгіп, уақытын жұмсады. Балалығын ескеріп, баптап жүрген жаттықтырушының да мерейі өскен күн болды.
Әлинұр Оразалинов, «Астана» балалар футбол клубының жаттықтырушысы:
- Біз жеңімпаз атанғанымызға өте қуаныштымыз. Бүгін үш ойын ойнадық. Барлық матч қиын болды, қарсыластар мықты болды. Балаларға бұл үлкен тәжірибе. Көрермендердің көп болғаны қуантады. Балалардың атааналары барлық командалар үшін бірдей белсенді жанкүйер болды. Ұйымдастырушыларға атқарған жұмысына үлкен рахмет айтқым келеді.
Қатысушылардың ешқайсысы марапат, сыйлықсыз қалмады. Тақымын қысқан ата-аналардың да қолдауы арена ішінен ерекше сезілді.
Осылайша футбол орталықтары мен мектептерінен келген 150-ге жуық бала қуанышпен тарқасты. Әлемдік деңгейдегі аренаның табалдырығын аттаған жас футболшының әрбірі үлкен арман арқалап кеткені анық. Ал AR Cup 2022 кубогы жыл сайын ең үздіктерге табысталып отырмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!