Тоқаев: Биылғы Ата заң күнінің саяси салмағы басым
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында биылғы Ата заң күнінің саяси салмағы басым екеніне тоқталды. Өйткені осы жазда ел азаматтары конституцияның 33 бірдей бабын өзгертуге дауыс берген болатын. 5-маусымда өткен жалпыхалықтық референдумға 11 миллион отандасымыз қатысты.
Автор: Әзиза Төленби
30.08.2022
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Биыл бұл мейрам айрықша саяси мәнге ие болып отыр. Ата заңға өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның нәтижесі халқымыздың бірлігін және елімізді жанжақты жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалардың барынша қолдау тапқанын көрсетті. Біз заң үстемдігі, әділдік және жалпыға бірдей мүмкіндік қағидаттарын ұстанып, Жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Еліміздің әрбір жауапты азаматының реформаларды іске асыруға белсене қатысып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын кезі келді.
Президент құттықтауында қолға алынып жатқан өзгерістердің басты міндеті халықтың әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттілігімізді мейлінше нығайтып, қоғамды үйлесімді дамытуға жұмыс істейтінін айтқан.
Қолданыстағы конституция 1995 жылдың 30-тамызында бүкілхалықтық референдумда қабылданып еді. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің басты құжаты бірнеше рет редакцияланды. Бірақ ол ел халқының қатысуынсыз, тек Парламенттің немесе президенттің мақұлдауымен жүзеге асырылған болатын. Тек биыл ғана өзгерістер жалпы дауыс беруге шығарылды. Халыққа алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сөйтіп көпшілік Ата заңның үштен бір бөлігіне енгізілетін 56 өзгерісті құптап дауыс берді. Соңғы түзетулердің мақсаты – жаңа мемлекеттік модельге көшу. Супер президенттік биліктен, ықпалды Парламентке бағыт алу, өлім жазасынан бас тарту сияқты түбегейлі шешімдер қабылданды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!