Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл – Тоқаев Торғай өңіріне арнайы барады
Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Биыл ЮНЕСКО деңгейде атап өтілетін мерейтой қарсаңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Торғай өңіріне арнайы барады. Президент ұлт ұстазын ұлықтауға арналған іс-шараларға 5-қыркүйекте қатысуды жоспарлаған.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
30.08.2022
Мерейтой аясында Ақкөлде Ахмет Байтұрсынұлының ата-анасы жатқан кесенеге топырақ салу рәсімі өтеді. Ұлт ұстазының кіндік қаны тамған орында музей үйі және Торғайда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының жаңа ескірткіші ашылады. Айтулы күнді атап өту барысында еліміздің оқу орындарында ғылыми-практикалық конференциялар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Алаш қайраткерінің таңдамалы еңбектерін орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару, ғылыми еңбектерінің толық жинағының 12 томдығын баспадан шығарып, ғылыми айналымға енгізу бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Халықаралық деңгейдегі іс-шараларға келсек, Түркісой аясында отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Стамбұл қаласында алқа жиын мен фотокөрме ұйымдастыру көзделген. Ал шара ЮНЕСКО ұйымының штаб-пәтері орналасқан Париж қаласында қорытындыланбақ.
Райхан Имаханбет, ахметтанушы:
- Қазақта бір әдемі сөз бар: «Өлі разы болмай, тірі байымайды». Президентіміз Торғай жұртына барып тәу ететінін жұртшылық көңілінен шыққан дөп дүние деп түсінемін. Ахмет Байтұрсынұлын айналасымен таныту және ол кісілер аманаттап кеткен жерімізге, дәстүрімізге, ұлттық ғылымымызға адалдықпен қызмет ету бүгінгілердің перзенттік парызы. Ахмет Байтұрсынұлын Түркі жұрты ғана емес, америкалық ғалымдар мойындаған тұлға.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!