Оқушылардың жол үстіндегі бейқамдығына ересектер кінәлі
Оқушылардың жол үстіндегі бейқамдығына көп жағдайда үлкендер кінәлі. Өйткені кейбірі қауіпсіздік ережесіне мән бермей баланың өмірін қатерге тігеді. Жолды кесіп өтіп, жолағы жоқ жерлерден жүгіретіні, көлік жылдамдығын арттыратыны қаншама.
Автор: Әзиза Төленби
30.08.2022
Ішкі істер министрлігі әдеттегідей жаңа оқу жылы қарсаңындағы алдын ала дайындыққа кірісті. Өйткені былтырмен салыстырғанда өткен жеті айда баланың қатысы бар жол үстіндегі өлім-жітім бес пайызға артқан.
Жыл басталғалы 113 бала жолаушылап жүргенде қайтыс болған. Көбінде жеткіншектер жылдамдықты шамадан тыс арттырған көлік ішінде жан тәсілім етіпті. Полицейлердің айтуынша, үлкендер балалардың жанында жүргенін елеп-ескермейді. Мұндай жауапсыздық әсіресе мектеп жанында байқалады. Сондықтан жаңа оқу жылына дейін профилактикалық жұмыстар басталды. Бірінші қыркүйекке дейін мектеп жанындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдың қанық сызылуы, ескертпе жазулардың қойылуы, жылдамдықты бәсеңдету құралдары тексеріліп жатыр.
Тексеру жұмыстары республиканың барлық өңіріндегі сегіз жарым мың мектепте жүзеге асырылуда. Жол ережесіне мән бермеген мектептерге әкімдіктер арқылы ескерту жасалды. Ал 1-қыркүйекте тәртіп сақшыларының қатысуымен арнайы «Абайлаңыз, балалар» атты дәріс өткізілмек.
Жандос Мұраталиев, ҚР ІІМ Әкімішілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Ең басты, атааналардың, жүргізушілердің бұзатын ережелері бірінші балаларының қауіпсіздік белдігін тақпау. Арнайы қондырғыларды қолданбау. 12 жасқа толмаған балаларды арнайы қондырғыларға отырғызып алып келу керек. Үшінші мәселе, ол, мысалы, екінші қатарға тоқтай салады. Немесе тоқтауға болмайтын жерге тоқтап, балаларды шығарып жатады. Сол ережелер жиіжиі кездеседі, мектептің қасында.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!