Асырап алған төрт баланы ұрып-соғып, таңнан кешке дейін қара жұмысқа жеккен
Алматы облысында өгей әке-шешесінен теперіш көрген ұл-қыздар балалар үйіне уақытша орналастырылды. Құзырлы орындар көршілердің шақыртуымен келіпті. Айтуларынша, ерлі-зайыптылар асырап алған төрт баланы ұрып-соғып, таңнан қара кешке дейін жұмысқа жегеді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
31.08.2022
Тіпті жетім балаларды қамқорлығына алғандар араққа сылқия тойып алып, жеткіншектерге күн көрсетпейді дейді көршілері. Осы жайтқа қатысты іс қозғалып, тексеру жүріп жатыр. Ал арнайы құрылған комиссия осы отбасыға балаларды қайтадан қамқорлыққа беру немесе сол құқықтан айыру мәселесін қарастыруда.
Асырап алған балаларын ұрып-соққан ата-ананың видеосы 27-тамызда түсірілген. Кадрде қолына балта ұстаған келіншек ұл-қыздарын балағаттап, қол көтергенін анық байқауға болады. Өгей әке де қарап қалмай, бірін шапалақпен жазаға тартып, енді біріне оқтау лақтыруда.
Ерлі-зайыптылардың озбыр әрекетін таспаға түсіріп әлеуметтік желіге таратқан көршілері екен. Гүлсара әжей жетім балалардың құлындаған даусы шыққанда өзімді қоярға жер таппадым деп отыр. Оның айтуынша, араққа сылқия тойып алатын ата-ана өгей балаларын жиі тоқпақтап, құлша жұмсайтын көрінеді.
Гүлсара Исанбетова, Байсерке ауылының тұрғыны:
- Мына видео жазылған ғой. Одан да бетер болады. Ұрыпсоғады. Есігін құлттап қояды. Балалар шыға алмай қалады. Таяқпен ұрады. Кірпіш лақтырады. Тебеді. Басынан ұрады. Соғады. Көрдік қой олардың барлығын. Бірақ оларды видеоға түсірмедік. Арақ ішкен күндері қозып, балаларды қудалайды. “Қойсаңшы ,балаларды қинамасаңшы “ дедім. Тыңдамайды.
Ескертуді елемейтін отбасы қамқорлығына алған төрт баланы қара жұмысқа да жегіп, күн көрсетпейді дейді Байсерке ауылының тұрғындары.
Қахрамон Исанбетов, Байсерке ауылының тұрғыны:
- Мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Үнемі балалар айғайлап, көмек сұрап жатады. Біз өткен жылы тиісті органға хабарлағанбыз. Сол уақытта бұл отбасы үйінің ауласындағы монша мен сарайды осы кішкентай балаларға салдыртқан. Он жастан асқан ұлдардың 17 келілік кірпіш тасып жүргенін көргенде жүрегім ауырған. Видеоға түсірдік. Бірақ білім бөлімдегілер ешқандай шара қолданған жоқ.
Зура Өмірзақова 18-ге енді толған ұлына ара-тұра қол көтеретінін жасырмайды. Ал асырап алған өзге ұл-қызыма қол ұшымды тигізбеймін деп ант-су ішті. Көршілерінің сөзін жоққа шығарған әйел кейде ашуға беріліп, үлкен ұлы Никитаны шапалақпен салып жіберетінім бар деп ақталды.
Зура Өмірзақова:
- Ұрлық жасағаннан кейін, өтірік айтқаннан кейін “жасың 18-ге келді ғой “деп, ақылымды айтқам. Ешқандай арам ойым болған жоқ. Бір айттым. Екі айттым. Тіл алмаған соң, ұрдым. “Қойыңдар” деп дауыс көтеретін шығармын. Бірақ балағаттамаймын. Мен дұрыс тәрбие беріп жатырмын деп ойлаймын.
Еске салсақ, осыдан бес жыл бұрын Зура Өмірзақованың күйеуі өзі мен екі бірдей баласын тірідей өртеп, барлығы көз жұмған еді. Бірақ бұл қайғылы жағдайдан аудандық білім бөлімдегілер бейхабар. Олар полициямен бірге сол үйге барып, көздері жәутеңдеген балаларды алып кеткендерін жеткізді. Ал жетім балаларды бауырына басуға ниет білдірген отбасыны егжей-тегжейлі тексереміз дейді мамандар. Тіпті бала асырап алатын ата-аналар арнайы психологиялық даярлықтан да өтеді екен.
Ботагөз Төлеубекова, Ілеу ауданы білім бөлімінің бас маманы:
- 27 тамыз күні мектеп тарапынан сигнал түсті. Сол бойынша полиция қызметкерлерімен мекенжайға шықтық. Балалар тартып алынды. Видео тарау бойынша. Қамқоршы Өмірзақова Зура психологиялық даярлықтан өткен. Қолында сертификаты бар. Сертификат алған адам үш айлық оқуды өтеді. Тәрбиелеуге дайын деп саналады.
Өгей әке-шешесінен қорлық көрген үш ұл мен бір қыз менің ту сыртымдағы жекеменшік балалар үйіне уақытша орналастырылған. Ал асырап алған балалаларына қол көтерген ерлі-зайыптыларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданды. Жуан жұдырықты ата-ана осы төрт баланы қамқорлыққа алу немесе одан айыру шешімі ертең арнайы құрылған комиссия отырысында қабылданбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!