Михаил Горбачев тарихта несімен есте қалды?
КСРО-ның тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев 92 жасқа қараған шағында өмірден озды. Мәскеудің Орталық клиникалық ауруханасы таратқан хабарламада ауыр және ұзаққа созылған аурудан қайтыс болды делінген.
Автор: Асқарбек Қазанғап
31.08.2022
Қызметке ерте араласып, түрлі лауазымда істеген Горбачев ең жас бас хатшы ретінде де тарихта қалды. 1985 жылы билікке келгенде 54 жаста болған. Горбачевтың тарихи рөліне қатысты көзқарас әртүрлі. Біреулер оны Кеңес Одағын ыдыратып тынған басшы санайды. Оның жариялылық пен қайта құру саясаты одақ құрамындағы республикалардың дербестікке қол жеткізуіне септігі тиді.
Кейін өзі де Бас хатшылықты ескінің сарқыншағы санап, 1990 жылы Кеңес Одағының бірінші президенті болып сайланған. Бірақ ол қызметі де бір жылдан асқан жоқ. Өйткені батыс елдерімен арадағы қырғиқабақ соғыста жеңілген, сансыз санкциялардан экономикасы әбден әлсіреген Кеңес Одағы ыдырап тынды.
Горбачев 10 жыл соғыстан кейін Ауғанстаннан Кеңес әскерін шығарған, екі Германияның бірігуіне тікелей атсалысқан басшы. Осы ерен еңбегі үшін Нобель сыйлығын алды. Үлкен саясаттан 31 жыл бұрын кеткен Михаил Горбачев өмірінің соңына дейін әдебиетке ден қойып, ұстаздықпен айналысты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!