Жолдауда көтерілген әлеуметтік мәселелер
Әр бала Ұлттық қордан өз үлесін алады. Үкімет кәмелетке толмаған балаға жеке есепшот ашпақ. Оны бала 18 жасқа толғанша ешкім шешіп алмайды. Бала күтімімен отырғандарға берілетін төлем мерзімі де ұзарады.
Автор: Әзиза Төленби
01.09.2022
Бүгінгі Жолдауда әйелдердің зейнет жасына қатысты да жаңалық бар. Бұдан басқа мемлекет басшысы қандай әлеуметтік мәселелерді көтерді?
Президенттің дәстүрлі жолдауы жыл сайын күздің алғашқы күніне сәйкес келеді. Тек жыл басындағы жағдайға байланысты биыл екінші рет жасалып отыр. Мемлекет басшысы 16-наурыздағы Жолдауында да Үкіметке біраз жұмыс тапсырған. Бүгін сол пәрменнің толық әрі ашық орындалмай жатқанын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, Министрлер кабинетіне тағы ескерту жасады. Ал бүгінгі Жолдауында әлеуметтің әлеуетін көтеретін біршама жақсы жаңалықтар айтылды.
Статистикаға сүйенсек, қазір Қазақстанда алты жарым миллион кәмелетке жасына толмаған бала бар. Енді олардың әрқайсының банкте жеке шоты болады. Оған ата-анасы емес, мемлекет Ұлттық қордан ақша аударып отырмақ. Оны бала 18-ге толғаннан кейін оқуына немесе баспана алуға жұмсайды. Жоба 2024 жылы басталуы тиіс. Президент бүгін бала күтімімен отырған аналардың жайына да тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында сәби кезінде атааналары жанында көбірек болады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік береді.
Үкімет қазір жеткіншектерді балабақша мен мектепке сыйғыза алмай әлек. Бүгін президент мектепте дейінгі білім беру орталықтарына баратын балалардың аздығын айтып қынжылды. Біресе қызметінен, біресе тәрбиешісінен олқылық шығып балабақшалар даудың басында жүреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз.
Бүгін студенттердің де жайы айтылды. Президент мемлекеттік қана емес, жекеменшік жоғары оқу орындарын барлық білім алушыларды жатақханамен қамтуды тапсырды. Ал грантқа түспей қалған талапкерге 2-3 пайыз мөлшерінде жеңілдетілген несие қарастырылмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Респбликасының Президенті:
- Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді.
Осы орайда мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік сақтандыруға көңілі толмайтынын айтты. Тапқан табысынан сақтандыруға жұлып беріп жатса да, халықтың көмекті емін-еркін пайдалана алмай жатқанын тілге тиік етті. Тұрақсыз, тиімсіз жобаны біріздендіруді тапсырды.
Президент әйелдердің зейнетке шығу жасы туралы түрлі пікірге нүкте қойды. 2028 жылға дейін әйелдер 61 жасында еңбек демалысына шығады. Ал ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге көтеріледі. Жолдауда айтылғандардың іске асуына каникулдан келген депутаттар мен Смайыловтың кабинеті жауапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!