{metadescription}
Білім күнінде барлық ата-ана қуанып отырған жоқ
Білім күнінде барлық ата-ана қуанып отырған жоқ

Білім күнінде барлық ата-ана қуанып отырған жоқ

Бүгін 400 мыңдай балаға алғашқы қоңарау соғылды. Осылайша елдегі 7600-ден аса мектепте абыр-сабыр тіршілік басталып кетті. Бірақ Білім күнінде барлық ата-ана қуанып отырған жоқ. Әсіресе елорда тұрғындары.

Себебі, биыл да балалары үш ауысымда оқиды. Бұдан шаршап келген перзенттеріміздің сабақтан басқаға мойын бұруға шамасы жоқ деп қапалы. Бас қаланың өзінде ғана емес, іргелес елдімекендерде де осындай жағдай. Ал жыл сайынға әдеті бойынша білім ордаларына бас сұққан оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке ата-аналар не деді?

Министр күнде мектепке бас сұға бермейді. Сондықтан болар, елордадағы №86 Әуезов атындағы білім ордасына келген Асхат Аймағамбетовты ата-аналар қаумалап, суретке түсіп қалудың қамын жасады. Оқу-ағарту министрі ешкімге ескертпестен келдім дейді. Бұның өз себебі бар.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Мен ескертпей барам негізі. Өйткені министр келеді деп дайындалғанының ешқандай қажеттілігі жоқ. Сондықтан бүгін таңертең тағы жетіде хабарлап айттық, осы мектепке барам деп. Ол мектепке барып атааналарды да, балаларды да, мұғалімдерді де құттықтадым.

Ал, елорданың №83 Алтынсарин атындағы мектебінің ата-аналары егер бізге министр келсе суретке түспей, мұңымызды айтар едік дейді. Өйткені 4000-ға жуық бала тәлім алатын білім ордасында орын тапшы. Сондықтан мұндағы жасөспірімдер үш ауысымда оқуға мәжбүр. Ата-аналар мектеп директорына бір амалын қылсаңыз деп арызын айтқанмен, құлақ асар түрі жоқ деп отыр.

Айгүл Дүйсенбинова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Бұл мектеп алты күн оқиды. Менің 34 сынытағы екі балам кешкі сағат 8-ге дейін мектепте болады. Бұл балаға өте ауыр деп ойлаймын. Ересек адамның өзі бұған шыдай бермейді. Мектеп директоры ата-аналардың арызына құлақ аспайды. Тіпті бізге таңдау қойып отыр. Иә ата-аналар біріккен түрде арыз жазып, бес күндік оқу жүйесіне көше аласыздар. Бірақ балалаларыңыз кешкі 9-ға дейін оқиды. Иә болмаса алты күндікте қалдырып бір сағат ерте қайтара аласыздар деді.

Қас қарая мектептен келген баламыздың бала секілді асыр салып ойнауға, ойынды ойлауға шамасы жоқ дейді аналары.

Әйгерім Рысбекова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Таңертең балам екеуміз оның сабағын дайындаймыз. Түстен кейін ұлым мектепке кетеді. Және өте шаршап, әлсіреп келеді. Үйге жете салысымен ұйықтап қалады. Тіпті өзгелер балалар секілді спортқа тағы басқа үйірмеге баруға да мүмкіндік жоқ. Бала болып ойнап, қыдыруға да уақыт қалмайды. Мектептегі сабақтың ұзақтығы былай тұрсын, дұрыс кабинет те жетпейді. Балалар дәлізде оқуға  мәжбүр.  

Ал мектеп директоры келген баланы қайтаруға біздің хақымыз жоқ дейді. Айналада жыл сайын мыңдаған пәтер қолданысқа беріліп, бала саны көбейсе қайтеміз деп ақталды. Мысалы, мектеп енді ашылғанда мұнда 400-ге жуық оқушы болса, қазір 10 есе көп. Баласын жетектеп келгендерді райынан қайтармақ болып, лық толы мектепті аралатып экскурсия да жасаймыз дейді директор. Десе де ата-аналар ұл-қызын келесі көшедегі  білім ордасына емес, үйіне жақын жерде оқытқысы келеді.

Сәуле Теменова, Нұр-Сұлтан қаласы, Ы. Алтынсарин атындағы №83 мектептің директоры:

- Бізде бірінші ауысым таңнан сағат 11-ге дейін оқиды. Одан кейін екінші ауысым сағат 11-ден түскі 15:00-ге дейін болады. Сосын 15:00-ден кешкі сағат 19:30-ға дейін үшінші ауысымның кезегі. Үшінші ауысымды биыл жарты сағатқа ерте бастайтын болып шештік. Барлық мектептер, екі ауысымдығылар да осыған ұқсас сабақ кестесімен оқиды ғой.

Елорданың өзін былай қойғанда, іргесінде Қосшының өзінде 9000-ға жуық бала бар. Мұнда бүгін су жаңа 1200 орындық мектеп ашылып, үш ауысымдық орта білім ордаларының саны біреуге қысқарды.

Жап-жаңа мектептің жап-жаңа оқушылары. Бірінші сынып бүлдіршіндері. Бір қызығы, мектеп басшылығының айтуынша, оқу жылы басталып кетсе де, мұнда әлі күнге дейін оқушыларды қабылдау жалғасып жатыр екен.

Осылайша 1200 орындық мектепке 2000-дай баланы қабылдап қойған. Бірақ бұнымен үш ауысымдық мектептің мәселсі биыл шешіле қоймайды.

Қанат Ахметов, Қосшы қаласы білім бөлімінің басшысы:

- Келесі жылы келесі оқу жылында үш ауысымдық мәселе шешіледі. Өйткені келесі жылы екі мектеп беріледі. 1200 орындық 2500 бала қабылданады. 1500 орындық мектепке 3000 бала қабылданады. Сонда үш ауысымдық мектептер келесі жылы толығымен шешіледі.

- Келесі жылы шешеміз деп сенімді отырсыздар ғой?

- Сенімді отырмыз бүгінгі күні Қосшы қаласы бойынша 2000-нан астам балаға орын тапшылығы бар.

Оқу-ағарту министрлігі де алдағы 2025 жылға дейін орын тапшылығын шешетіндеріне сенімді. Өйткені осы үш жылда тағы мың мектепті қолданысқа беруді жоспарлап отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде