Мектептердің жетіспеушілігі әлі де өзекті мәселе
Биыл елімізде 80-ге жуық мектеп ашылғанмен, орын тапшылығы Алматыда да әлі өзекті мәселе. Мысалы, Наурызбай ауданында жаңа бой көтерген үйлер көп болғанмен, мектеп жоқтың қасы. Соның салдарынан бүгін бір мектепке бес жүзге жуық бірінші сыныптың оқушысы барды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
01.09.2022
Бір сыныпқа 40 баладан бөлінгендіктен, ата-аналар білім сапасы төмендеп кете ме деп алаңдаулы. Шымкентте де осыған ұқсас жағдай.
Алматыға бірінші қыркүйектің келгенін күнтізбесіз-ақ білуге болады. Қалада таңертеннен кептеліс күрт артып, ала жаздай орнаған тыныштық бұзылды. Бірақ бәрінің көңіл күйі көтеріңкі. Гүл сатушылардың жұмысы қыз-қыз қайнап жатыр. Әр жерден музыканың дауысы естіледі. Иә, бұл білім күні! Биыл Алматыда 32 мыңға жуық бүлдіршін бірінші сынып табалдырығын аттады.
Алғашқы қоңыраудың соғылуымен бүлдіршіндер мектепке тарыдай болып кірді. Енді 11 жылда таудай болып шықсын деп тілеуін тілеген ата-аналар бүгін оларға қарағанда қобалжулы. Дей тұрғанмен, білім саласындағы соңғы өзгеріс оң жолға бастар деп үміттенеді.
Жадыра Қажиева:
- Биылғы оқу жылы құтты болсын, қызымыз бірінші классқа келіп жатыр, қадамы құтты болсын! Биылғы оқу жылына еніп жатқан өзгерістерге қуаныштымыз атаана ретінде. Ана-тілін оқитын басты жаңалық болды, енді сабақтарын жақсы оқысын деген ниетпен қадамын құтты болсын!
Бұл қыркүйек бұрынғылардан өзгерек болғалы тұр. Сенбі күні мектепке бару деген жоқ. Оған қоса бастауыш сынып оқушыларына күнделікті тегін тамақ үлестіріледі.
Әсет Нұрғазы, № 182 мектеп директоры:
- Бес күндік оқу жүйесіне өтіп жатырмыз. Бұл оқушылар, көбінесе атааналармен бірге болып, үйлерінде бос уақытын пайдалануға бүл үлкен әсерін тигізеді. Және де биылғы жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен бірінші сынып пен төртінші сыныптар толық ыстық тамақпен қамтылатын болды. Бұл да үлкен әлеуметтік көмек болып табылады.
Бүгін Алматыда бірден жаңа сегіз мектеп есігін айқара ашты. Алайда, орын тапшылығы жойылды деп бөрікті аспанға атуға әлі ерте. Мәселен, Наурызбай ауданындағы нөмірі 174 мектеп бірінші сыныпқа бірден 450 оқушыны қабылдады. Олар 11 сыныпқа бөлініп, қырық-қырықтан сығылып отыруға мәжбүр. Бірақ директор одан еш әбестік көріп тұрған жоқ.
Арнагүл Мұсразқызы, № 174 мектеп-гимназиясының директоры:
- Сыныптың сыйымдылығына байланысты 25 бала деп бекітіледі негізі. Бірақ ол қазіргі жағдайға байланысты баланың келуіне байланысты, мүмкін болғанша 40 баламен отырып жатырмыз.
- Сіздіңше сапалы білімді 40 балаға 45 минутта беруге бола ма?
- Мұғалімнің шеберлігіне байланысты болады.
Шымкентте де мектептердегі орыннан оқушылар саны асып тұр. Биыл мұнда 223 мектепке 250 мың шәкірт барған. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған балақайлардың өзі 28 мыңнан асып жығылды. Бірінші сыныпқа барғандар саны былтырғымен салыстырғанда 3 мың балаға артық. Сондықтан көп мектепте бірінші сыныптың өзі онға дейін жетеді.
Үш ауысымды оқытатын 9 мектеп бар. Жыл соңына дейін 25 мектептің құрылысы аяқталады дегенімен мұның өзі үш ауысымның мәселесін шешпейін деп тұр. Мәселен, 65-ші мектеп-гимназия бірінші сыныпқа келген 261 оқушыны сыйдыру үшін амалсыз үш ауысымға өткен.
Алмас Қайыпов, Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының директоры:
- Келесі оқу жылындағы сыйымдылықты ескеріп, біз бірінші сыныпқа 261 оқушыны қабылдадық. Он сынып кафедрасы ашылды, 26 оқушыдан отыр. Қазір бізде аралық ауысымда 5 сынып отыр. Үш ауысымға сабақ кестесін құрғанбыз. Аралық ауысымда 5 бірінші сынып отыр, бірінші ауысымның өзінде бірінші кластарды 10 класты екіге бөліп қабылдаймыз.
Жалпы ел бойынша жеті жарым мыңнан астам мектеп бар. Онда 4 миллионға жуық оқушы білім алуда. Демография өскен сайын мектеп салу жылда өзекті мәселе болып тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!