Енді қордан артылған бидай мен ұнды шетелге еркін сатуға болады
Елімізде астық экспортына шектеу алынып тасталды. Енді қордан артылған бидай мен ұнды шетелге еркін сатуға болады. Бұған бірінші кезекте диқандар қуанып отыр. Себебі, биыл егін бітік шыққан. Қамбалар лық толады деп күтілуде.
Автор: Жаңалық Ахаш
01.09.2022
Экспорттың арқасында кем-кетігімізді түгендеп алатын болдық дейді шаруалар.
Ақтөбе облысында биыл 250 мың гектар аумаққа егін егілген. Соңғы бірнеше жыл бойы қуаңшылықтан көз ашпаған өңірдің шаруалары биылғы түсімге шүкіршілік етіп отыр. Жауын жылдағыдан көп болып, егін бітік шығыпты. Әр гектардан 12 центнер бидай алып жатыр. Өңірдің қажетіне 100 мың тонна бидай жететін болса, артық қалған 200 мың тоннаны қайда өткіземіз деп бас қатырып отыр еді.
Ауыл шаруашылық министрлігі экспортқа шектеуді алып тастап, шетелге бидай мен ұн сатуға рұқсат берді. Осының өзі фермерлер үшін үлкен қолдау дейді шаруалар.
Берік Сариев, Қазақстан фермерлер одағы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы:
- Экспортқа сататын жағдай болғанда шаруалардың біраз шаруасы шешіледі. Шаруаларға қуаныштары, жақсы жаңалықтары іске асып, қамбаларындағы бидайын қымбатырақ сатып, сол енді үкімет алдындағы лизингке алған техникаларының алдында, ауыл шаурашылық кредит корпорациясының алған қаржылық міндеттемелерін жабуға көп серпін беріп тұр.
Биыл елімізде 13 миллион тонна бидай қамбаға құйылады. Оның жартысының өзі ішкі нарықты толық қамтуға жетеді. Былтырлары қуаңшылықтан көрші Ресейдің астығына наубайханалар мен жем іздеген шаруашылықтар тәуелді болып қалып еді. Енді ол жақтың бидайын түк керек етпейміз дейді сарапшылар.
Әйтсе де баға тұрақтылығына әсер етеді деп отыр. Қазір бәсекенің әсерінен бидай құны біраз арзандаған. Сондықтан нан мен макарон өнімдерінің бағасы өспейді деп қуантады.
Евгений Карабанов, «Қазақстанның астық одағы» ресми өкілі:
- Биыл Қазақстанның бидайы ішкі нарыққа да, өзге елге сатуға да жетеді. Ресей бидайы енді арзандауы мүмкін. Бұл баға тұрақтылығына әсер етеді. Шектеу бар кезде бидайдың тоннасы 180-150 мың теңге болса, қазірде 130 мың теңгеге түсті. Шектеу алынып тасталғаны сырттағы сатып алушы елге де жақсы. Олар өзге экспорттаушыларды іздемейді.
Сондай-ақ ауыл шаруашылық министрлігі мүйізді ірі қара мен ұсақ малды экспорттауға тыйымды алып тастаған жоқ. Бірақ шектеп сатуға рұқсат берді. Енді 60 мың бас мүйізді ірі қараны және 120 мың қойды шетелге өткізуге болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!