2023 жылғы сайлау қазіргіден басқаша жолмен өтеді
Қазақстанда биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында осындай ұсыныс жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, құрылысы енді басталған әділ, жаңа Қазақстанда жаңа реформалар табысты жүзеге асырылуға тиіс.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
01.09.2022
Президент ұсынысын депутаттар қолдап отыр. Парламент құрамы да келер жылы қайта жасақталатын болады. Және 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында жоспарланған сайлау қазіргіден басқаша жолмен өтеді. 2024 жылы өтуі керек болған саяси науқанға қатысты президент тағы не айтты?
Биылғы күзде қамбаны астыққа толтырып қана қоймай, ел іші саяси жаңалықтарға да толғалы тұр. Басы президент сайлауымен басталмақ. Мемлекет басшысы бүгін қос палатаның алдында күздің бір күнінде кезектен тыс саяси дода өткізуді ұсынды. Нақты уақыты әлі белгісіз. Бірақ «Сайлау туралы» заңға сүйенсек, ол Президент шешімін айтқан күннен бастап екі ай ішінде өткізілуге тиіс. Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілетін нақты күнді алда айта жатар.
Бұл сайлауды өткізудегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақсаты — әділетті Қазақстанды құру жолында халықтың жаңа сенім мандатын айқындап беру. Әйтпеске болмайды. Өйткені жаңа Қазақстан жұртының алдында жаңа реформаларды табысты жүзеге асыру міндеті тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс президент сайлауына баруға дайынмын.
Иә, мемлекет басшысы бұл сайлауға тас-түйін дайын екенін айтты. Ал өзге кандидаттарды қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар ұсынатын болады. Заң бойынша оларға бір ғана үміткер ұсынуға рұқсат. Саяси күштердің алды сайлауға қатысуға ниетті екенінін мәлімдеп те үлгерді.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты, "Ақжол" партиясының төрағасы:
- «Ақжол» партиясы үшін қайбір сайлау болса, біз оған қашан да дайынбыз. Себебі, біздің бетіміз таза. Біз өзіміздің сайлаушыларымыздың алдында алған міндетімізді толыққанды атқарып отырмыз. Және біз үшін ол оңай емес. Парламенттегі 107 депутат арасында 12 болсақ та, даусымыз естіліп тұр. Сонда да біздің ұсыныстарымыз өтіп жатыр.
Президенттікке түсетіндер қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, жоғары білімі бар, Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын, мемлекеттік қызметте немесе сайлаулы мемлекеттік лауазымдарда бес жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі бар, сот үкімімен абақтыда отырмаған, тумысынан Қазақстан азаматы болуға тиіс.
Ал «Сайлау туралы» заң сайлау өткеннен кейін өзгергелі тұр. Президент өкілеттілігі 5-тен 7 жылға ұзартылмақ. Бірақ бір мерзімге ғана. Саяси өзгеріс жаңа өмірдің бастауы болмақ дейді депутаттар.
Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты:
- Шындап келетін болсақ, 1 қаңтардан бастап біз жаңа өмірге аяқ басамыз. Сол жаңа өмірімізде, жаңа Қазақстанда бүкіл билік тармақтарының жаңаруы, жаңа саяси ойыншылардың алаңға келуі менің ойымша ел мүддесі үшін де, елдегі бәсекелестер үшін де қажетті қадам деп ойлаймын. Жұрттың көбісі қайта осы кезге дейін айтып келді. Сіздер тараңыздар, басқа деді деген сияқты. Енді олай болатын болса, саяси доданың уақыты келді. Соған дұрыстап дайындалу керек.
Иә, қаңтар оқиғасынан кейін Үкімет жаңарғанымен, Парламент халық ойлағандай тараған жоқ. Дегенмен президенттің бұған дейінгі Жолдауында айтылған қос палатаға қатысты реформалар жүзеге асуы керек. Яғни Мәжілістің ықпалы артып, ондағы депутаттық корпустың 70 пайызы пропорционалды, 30 пайызы мажоритарлы тәсілмен жасақталуы тиіс.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты бойынша дамуға бет алған қазақстандықтар президент сайлауын аяқтай сала Парламентті таратып, депутаттарды сайлауға кіріспек. 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында парламент пен мәслихатқа жаңа халық қалаулылары келеді. Одан кейін Үкіметтің те жаңадан жасақталатыны айтпаса да түсінікті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!