Ақтауда мас жүргізуші алты көлікті жапырып өтті
Ақтауда мас күйінде тізгінге отырып, алты көлікті жапырып өткен жүргізуші 20 тәулікке қамалды. 22 жастағы жігітті көлігі бүлінген азаматтар әзер тоқтатқан.
Автор: Айман Нұрмағанбет
02.09.2022
Жол апаты Ақтаудағы 19-шы шағын ауданда болды. Ішімдікке сылқия тойып алған азамат Toyota Camry көлігімен үйдің алдындағы автотұрақта тұрған үш көлікті соққан. Осыдан кейін із суытпақ болып үлкен жолдың бойына шығып кетіпті. Сол кезде тоқтап тұрған тағы бір көлікті зақымдаған. Мұнымен де тоқтамаған мас жүргізуші жылдамдықты одан әрі арттырып, екі көлікке соғылып барып бірақ тоқтаған. Осы кезде оны көлігі бүлінген өзге азаматтар ұстап алып соққыға жығыпты. Кейін күдіктіні полицейлер алып кетті. Тәртіп сақшылары 22 жастағы азаматтың көлік құралын басқару құқығы жоқ екенін айтты.
Әйгерім Ибатуллаева, Маңғыстау облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Зардап шеккендер жоқ. Toyota Camry автокөлігінің иесіне ҚР ӘҚБтК-тің 608-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жүргізуші қала әкімшілік сотының шешімі бойынша 20 тәулікке Ақтау қаласы полиция басқармасының арнайы қабылдағышына орналастырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!