Әйелдердің 58 жастан зейнетке шығу арманы орындалмайтын сияқты
Келесі жылдан бастап базалық зейнетақы 6 мың теңгеге өседі. Оған қоса зейнеткердің еңбек өтіліне, жалақысына байланысты қосылатын төлемдер әр адамға жекелей есептелмек. Ол күнкөріс деңгейінің шектік көлеміне байланысты.
Автор: Әзиза Төленби
02.09.2022
Бүгін еңбек министрлігі президент Жолдауында айтылған тапсырманың қалай жүзеге асырылатынын түсіндіріп берді.
Марфуға Исмағұлова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сарапшысы:
- 54% күнкөріс дейгейі қазіргі таңда 20191 теңге деп есептеліп, төленіп отыр. Егер де еңбек өтілдері болмаған жағдайда, 70 % өсірілетін болса, ең төменгі күнкөріс деңгейі қазіргі таңда 37389 теңге. Соның 70 пайызы 26 мыңнан астам деп, алты мыңға өсіріледі деп пайымдап отырмыз. Бұл Жолдаудан кейінгі жұмыстар атқарылып, 1 қаңтар 2023 жылдан бастап төлене бастайды.
Биыл зейнетақы жыл басталғалы екі рет көтерілді. Қаңтар және сәуір айындағы теңестірулерге сәйкес зейнеткерлердің ай сайынғы қаражаты жеті пайызға өскен-ді. Енді жаңа жылдан бастап бірден алты мың теңгеге көтерілмек.
Естеріңізге салсақ, қазір елімізде екі миллионнан астам зейнет жасындағы қарт бар. Бұл өзгеріс 61 жастан еңбек демалысына шығатын әйелдерге де қатысты. Ал сол 61 жас қай уақытқа дейін сақталатыны әзірге белгісіз. Өз Жолдауында мемлекет басшысы бұл жасты 2028 жылға дейін созған. Кейін ол азаматтардың денсаулығына және зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты шешілмек. Ал әйелдердің 58 жастан еңбек демалысына шығу туралы арманы мүлде орындалмайтын сияқты.
Марфуға Исмағұлова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сарапшысы:
- 58-ге түсу мүмкін емес. Себебі, біріншіден, қабылданатын заң кері күшіне енбейді. Екіншіден, 2018 жылдан бастап 58,6 айдан бастап тағайындалған азаматтар бар ғой. Біз олардың еңбек өтілін есептедік, табыстарын есептедік, соларды кері қарап, оны қазір немен қарап қайта есептеу мүмкін емес. Онда олардың алып отырған зейнетақы мөлшерлері азайып кетеді. Онда ол адамдар наразылық туғызады. Сол себептен келесі жылғы азаматтар 61-ден кетеді. Сол зейнет жасына толғаннан кейін тоқтатылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!