{metadescription}
Хронология: Күллі елді алаңдатқан Қостанайдағы өрт қалай өршіді?
Хронология: Күллі елді алаңдатқан Қостанайдағы өрт қалай өршіді?

Хронология: Күллі елді алаңдатқан Қостанайдағы өрт қалай өршіді?

Қостанай облысындағы алапат өрт әлі толық ауыздықталған жоқ. Орман алқабында қызыл жалын сәл бәсеңдегенімен, бықсып жатқан жерлер көп. Желдің күшеюінен тілсіз жау жақын маңдағы ауылдарға қайта таралуы мүмкін дейді төтенше жағдайлар министрлігі. Сондықтан өрт сөндірушілер күлге айналған ауылдар мен алқапты тұтас аралап, оттың сөнгенін тексеріп жүр.

Қауіпсіздік мақсатында бүгін Бағаналы ауылының тұрғындары да қауіпсіз жерге көшірілді. Осылайша өрт басталғаннан бері өңірдегі алты елдімекен эвакуацияланған. Күллі елді алаңдатқан өрт қалай өршіді?

Өрт сөндірушілердің от пен судың ортасында жүргеніне – үшінші күн. Олар тілсіз жауды төменнен де, төбеден де өшіріп әлек. Алайда Қостанай облысындағы алапат өрт әлі ырық бермей тұр. Жалын бәсеңдегенімен, бықсып жатқан жерлер көп.

Өткен аптада әлеуметтік желіге таралған бұл кадрлер күллі елді елең еткізді. Қостанай аспанын қою қара түтін басып, жергілікті бұқараның зәре-құты қашты. Экшн-кинолардан көретін мұндай қорқынышты көріністі бірі таспаға түсіріп жатса, енді бірі қайда қашарын білмей жанұшыра айқайлап көмек сұрады.

Жол көрінбей, айнала қара түнекке айналған. Жүргізушілер діттеген жеріне жете алмай қиналды. Жайқалған жасыл желегі бар алқап көпшіліктің көз алдында лапылдап жанып жатты. Қарағайлы ну орман санаулы сағатта-ақ біреу қап-қара сиясын төгіп тастағандай аянышты күйге енді.

Ағаштарды тұтас жайпаған от жақын маңдағы ауылдарды да жұтатып кетті. Өрттен үй, бау-бақша, қора-қопсысы бар, жалпы саны 104 нысан күлге айналған. Бүлінген көліктер де көп. Айтып келмейтін апаттан әсіресе Аманқарағай ауылы қатты зардап шекті. Елдімекендегі 92 үйдің тас-талқаны шықты. Әп-сәтте баспанасы мен дүние-мүлкінен айырылған ағайын абдырап қалды. Құтқарушылар қызыл жалынның құрсауында қалған үйлердің ішінен тұрғындарды шығарып жанталасты.

Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, орманға жақын орналасқан бес ауылдан 1841 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Олар Әулиекөл ауданындағы мектептерге уақытша орналастырылды. 

Өрт бірнеше күнде 43 мың гектардан астам аумақты шарпып үлгерді. Өкінішке қарай, өрт бір адамның өмірін жалмады. 86 жастағы азаматтың мәйіті үйіндінің арасынан табылған. Өрттен жалпы саны 10 адам жарақат алған. Олардың арасында күйік шалғандары мен ыстан уланғандары да бар.

Қазір өрт сөндірушілер Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдарының айналасын бақылап, бықсыған түтінді сөндіріп жүр. Желдің күшеюіне байланысты от орман алқабынан елдімекендерге қарай қайта ойысуы мүмкін.

Өртті сөндіруге 224 арнайы техника, 7 тікұшақ, 5 өрт сөндіру пойызы және екі мыңнан астам адам жұмылдырылған. Ауылдарда қоғамдық тәртіпті ішкі істер органдарының 300 адамы қадағалап жүр.

Қостанай облысында төтенше жағдай жарияланып, өңірде жедел-штаб құрылған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

04 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде