Mountfest: Алатау баурайында бас қосқан саяхатшылар 11 мыңнан асты
Алатау баурайында бас қосқан саяхатшылар саны 11 мыңнан асты. Үш күнге созылған Almaty Mount Fest фестивалі бүгін өз мәресіне жетті. Тау туризмі мен спортты насихаттауға арналған халықаралық шара биыл төртінші рет өткізілді.
Автор: Салтанат Шырынхан
05.09.2022
Алғашында ұйымдастырушылар өзімізден бөлек, шетелдік саяхатшылардың басын біріктіретін бұл жиында 6 мыңнан астам адам болады деп болжаған.
Туризм мен спортты ұштастырған тау бөктеріндегі шара бүгін өз мәресіне жетті. Almaty Mount Fest үш күндік фестивалі тау спортымен айналысатын кәсіпқойлар мен әуесқойларға және салауатты өмір салтын ұстанатын жандарға арналды. Жарыста 11 мыңға жуық қонақ келіп, екі мыңнан аса адам бағын сынады. Ұйымдастырушылар туристердің өзі күткен көрсеткіштен екі есе көп болғанына аң-таң. Халық Шымбұлақта таза ауа жұтудың пайдалы екенін карантин кезінде түсінді дейді.
Бауыржан Пазылхайыр, «Алматы қаласының туристік орталығы» ЖШС директорының орынбасары:
- Біріншіден, қыста Шымбұлақ болсын, Ойқарағай болсын, онсыз да туристердің саны өте көп. Бұл жазғы уақытта Шымбұлаққа туристердің келуіне үлкен ықпалын тигізіп отыр. 11 мың адам келді. Сонымен қатар жаңа спорт түрлері жазда өтуге ыңғайлы болады деп санадық.
2-қыркүйекте басталған фестивальге қатысушылар жаппай тауға шығумен шектелген жоқ. Онда таудан төмен қарай велосипедпен түсуден, таулы жерлерде жүгіруден жарысты және жастар шыңына шықты.
Ринат Абдрахманов, «Шымбұлақ» ТШК директоры:
- Шетелдік туристер біздің де жоғары деңгейде осындай шара өткізе алатынымызға көзі жеткендіктен, біріге өткізуге шешім қабылдаған болатын. Әрине, ол үшін мемлекет пен инвесторлар тарапынан да нақты қадамдар қажет. Мұндай фестиваль курорттарымызды дамытып, алдағы уақытта қай бағытта әрекет етуімізді айқындауда мол мүмкіндік береді.
Жалпы фестиваль халықаралық туризм нарығында Алматы тауларының орнын айшықтап, беделін нығайтуға бағытталған.
Бүгінгі форум барысында Австрия, Франция, Швейцария, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген қатысушылармен тау курорттарының дамуы мәселелері де талқыланды. Жеңімпаздарды да марапаттады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!