{metadescription}
Қостанай облысындағы өрт бір-екі күнде толық сөндіріледі
Қостанай облысындағы өрт бір-екі күнде толық сөндіріледі

Қостанай облысындағы өрт бір-екі күнде толық сөндіріледі

Қостанай облысындағы өрт бір-екі күнде толық сөндіріледі. Төтенше жағдай министрлігі ауа райы күрт құбылып жел көтерілмесе, жағдай тұрақталады деген болжам айтты. Қазір Әулиекөл ауданында өрттің бір ошағы қалған. Ал түнде Бағаналы ауылындағы орман өртеніп, құтқарушылар таңға дейін тілсіз жаумен алысты.

Әулиекөл ауданындағы өрт ошағының бірі. Бағаналы ауылының шығаберіс жағындағы орман алқабы. Кеше түс әлетінде мұнда өрт өршіп, 10 гектардан астам жерді шарпып үлгерген. Жалынның қатты болғаны соншалық, ауылға өтіп кете ме деген қауіп туындады. Тұрғындар өрт сөндірушілермен бірге кірпік қақпай таңға дейін тілсіз жаумен алысып, алауды ауыздықтай алды. Қазіргі жағдай осы. Әр жерден түтіндеп, бықсып жатыр.

Андрей Ракович Қостанай облысы өрт сөндіру қызметінің басшысы. Жігіттерімен бірге үшінші тәулік көз ілмей тілсіз жаумен алысуда. Айтуынша, кешегі түн ең қиыны болды. Аласапыранда тіпті үстіндегі киіміне дейін жанып кеткен. Қазір қолға түскенін киіп, жұмысын жалғастырып жатыр.

Андрей Ракович, Қостанай облысы өрт сөндіру қызметінің бастығы:

- Кешкі сағат 9 шамасында жағдай ушықты. Үш жақтан жалын ауылға жақындады. Тұрғындарды эвакуациялаймыз деген шешімге келдік. Абырой болғанда, елдімекенді аман сақтадық. Ауылдың жігіттері қолына шелек алып көмектесті. Түнгі бір жарымға дейін өрттің үш толқыны болды. Қазір жағдай тұрақты.

Жалпы өрт аумағы 43 мың гектардан асады. 250 техника мен 2 мың құтқарушы соңғы үш күн тілсіз жауды өшіруге жұмылдырылды. Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин орман өрті туралы кеш хабарланғанын айтады.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдай министрі:

- Орман өрті туралы хабар кеш келгенімен келісемін. Шамамен 20 шақырым жерде болған. Бірден бірнеше шақырымда өрт тұтанған. Үлкен аумақта өрттің таралуы секундына 25 метрге дейін жетіп, жел басталған. Соның салдарынан жердегі қызметтермен сөндіру мүмкін болмайтындай өрт басталып кетті.

Қазір Бағаналы ауылында ғана өрт ошағы қалды. Оның өзі өшірілген. Министрдің айтуынша, бүгін-ертең жел көтеріліп табиғат тосын мінез танытпаса, көмекке жеткен қосымша күш кері қайтады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде