Ұлттық қордан балалар есепшотына бөлінетін қаржы туралы
Доллармен сақталады! Ұлттық қордан балалар есепшотына бөлінетін қаржы жылына бір рет қана аударылады және инфляцияның алдын алу үшін ондағы қаражат АҚШ ақшасымен сақталмақ.
Автор: Елдос Есенбол
06.09.2022
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Жыл сайын есептеу жүргізіледі. Өткен жылдың инвестициялық кірісі алынып, есепшоттарға бөлінеді. 2024 жылдың 1-қаңтарынан бастап балаларға 2023 жылдың табысынан қаражат аударылады.
Ал әзірге ол соманың қанша болатыны белгісіз. Бұған дейін 18 жасқа толған әр баланың есепшотында шамамен 3 жарым мың доллар болуы мүмкін деген болжам айтылған. Бірақ ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл 2024 жылдан бастап дүниге келетін балақайларға қатысты деп түсіндірді. Яғни кімде-кім президент бастамасы күшіне енген күннен бастап кәмелетке дейін көп уақыт өткізсе, есепшотындағы ақша да көбірек болмақ.
Еске салайық, 1-қыркүйектегі халыққа Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық қор — балаларға» деген жаңа бағдарламаны әзірлеуді тапсырған. Оған сәйкес, Ұлттық қордың инвестициялық табысынан жыл сайын елдегі әр баланың есепшотына ақша аударылады. Оны ешкімнің шешіп алуға құқы болмайды. Есепшот иесі тек 18-ге толғанда ғана баспана алуға немесе оқу ақысын төлеуге жарата алады. Қазіргі статистика бойынша жыл сайын елімізде 400 мыңдай сәби дүниеге келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!