Сауда министрі: Елімізде қант тапшы болмайды, бағасы да көтерілмейді
Үкімет қант саудасына монополия орнатып, жаздағы тапшылыққа себеп болған компаниямен қайта жұмыс істемек. Қазір оларға қатысты тексеру жүріп жатыр. Бірақ вице-премьер әрі сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бұл жолы барлығы жақсы болады деп сенімді отыр.
Автор: Әзиза Төленби
06.09.2022
Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Қазір тергептексеру болып жатыр. Сол компаниямен кездестім. Осы қазір біздің жаңа жүйемізге, айналыс схемамызға сол компания өз келісімдерімен кірем дейді. Себебі қаражаты бар. Олар осы нарықта біраз жыл істеп жүр. Сол себепті біз оларды тарттық. Келіңіз, заңды түрде бәріміз бірігіп жұмыс істейік. «Кайс Инвест» деген компания. Тергептексеру әлі жүргізіліп жатыр, сол себепті сіз де, мен де, қазір олар заңбұзушылық жасады деп айта алмаймыз.
Сауда министрі енді елімізде қант тапшылығы болмайды, бағасы да көтерілмейді дейді. Жұманғарин Ресейде бітік шыққан қант қызылшасына сеніп отыр. Жетпегені осылайша көрші елден тасымалданбақ. Өйткені бізде төрт қант зауыты болғанымен, оларға шикізат жетіспейді. Әйтпесе олар жылына 700 мың тонна шекер өндіре алады екен.
Ал оған дейін Үкімет қант зауыттарына шикізат сатып алуға 25 миллиард теңгедей қаражат бөлмек. Сәйкесінше, кәсіпкерлер дәл осы көлемге сай өнім шығаруы тиіс. Алдымен зауыттар үш ай бойы бразилиялық қант құрағын импорттап қор жинайды. Соның арқасында сауда министрлігі қанттың келісін 460 теңгеден асырмауды көздейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!