Түркістан облысында 20 мыңға жуық тұрғыны бар Дербісек сусыз отыр
Түркістан облысында 20 мыңға жуық тұрғыны бар ауыл ауызсусыз отыр. Себебі: Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылындағы жалғыз су көзі жеке компанияға беріліп кеткен. Сондықтан тұрғындар кезінде мемлекет есебінен қазылған ұңғымадан шыққан суды сатып алып ішеді.
Автор: Бек Әбиев
06.09.2022
Кейбірі ауыл ішіндегі арық суын тұтынуға мәжбүр. Ал жалғыз ұңғыманы жалға алған компания минералды сусын шығаратын зауыт пен жекеменшік монша ашып, оның қалдық суын арыққа ағызады дейді жиналғандар. Тұрғындар ұңғыманы әкімдіктің балансына қайтаруды талап етуде.
Дербісек ауылындағы жалғыз су көзі үшін жанжал соңғы 20 жылда басылған емес. Екі мыңыншы жылдардың басында минералды су шығатын жалғыз ұңғыма «Рауан» деген компанияға жалға берілген. Әу бастағы келісім бойынша тұрғындарға судың бір бөлігі тегін таратылуға тиіс болған. Бірақ іс жүзінде жалғыз ұңғымадан бір жұтым су алып ішу мұңға айналды дейді ауыл халқы.
Сәрсенбай Шонабаев,Сарыағаш ауданының тұрғыны:
- 10 литрдің бір жарым литрін алу керек, 8 жарым литрін қалған халық алуы керек.
- Солай болып жатыр ма?
- Жоқ, бұл бәрін алып жатыр. Бәрін алып, сатып отыр
- Қаншадан сатып жатыр?
- Тоннасы 400 теңге, Шымкенттің суынан да қымбат. Қаланың суынан қымбат. Тасымалдап аламыз. Бұрын барлық үйге су тартылған, колхоз кезінде. Кейін бұлар алғаннан кейін құбырдың бәрін кесті ғой, кейін олар шіріп кетті. Бұл сатамын деп, колхоз құрған құбырдың бәрін жауып тастады.
Рахат Қайыпова, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
- Ойбууй, бір тоннаңды бір аптада ада қыламыз.
- Айына төрт тонна ма?
- Оған қанша ақша кетеді, есепте.
- Ауылда мына бір тонна суды сатып алуға жағдайы жоқ отбасылар бар ма?
- Бар. Балалар күбіні көтеріп жолдың арғы бетінен әкеледі, мен көшеде тұрамын, ойбуй, көлік қағып кетпесін, ойбай, ананы машина баспасын деп. Мықшыңдап тасиды байғұс балалар.
Ұңғыманы жалға алған компания минералды су шығаратын зауыттан бөлек, ұңғыма басына монша да салып тастаған. Бірақ ол жерден ағатын лас су іргедегі арыққа құйылып жатыр дейді тұрғындар.
- Мынау тұрған зауыт, химикаты бар, қанша зиянды нәрсе ағып, лай су шығып жатыр. Халықтың бәрі осы судан ішеді. Мына зиянның бәрін осы халық ішіп отыр. Ана жерде моншасының тұндырғышы бар, ол жерде де адамның кір, қоқыс, боғы ағып жатыр.
«Рауан» компаниясының өкілдері тек телефон арқылы жауап беруге келісті. Айтуларынша, ұңғымадан шыққан судың бір бөлігін елге тегін беріп жатыр. Монша мен зауыттан шыққан қалдық бойынша СЭС мамандары айыппұл салғанын айтады. Ал аудан әкімдігі ауылға жаңа су құбырын жүргізбекші. Бұл жоба екі миллиард теңгеге бағаланып, оның 500 миллион теңгесі бөлініпті.
Мұхит Отаршиев, Сарыағаш ауданының әкімі:
- Үйдіүйге суды жеткізіп беру, сосын қосымша ол жерге су жинайтын мұнара салу, осы жерге үздіксіз үйді-үйге су жеткізіп беру үшін. Ең дұрыс жоспар дегеніміз, 2023 жылдың аяғы, ең жақсы болжам. Ол енді алдағы уақытта мердігердің жұмысына байланысты, бөлінетін қаражатқа байланысты, тағысын тағы.
Осылайша аудан басшылары келер жылдың соңында 20 мыңға жуық тұрғыны бар Дербісек ауылы таза суға қосылады дейді, Бірақ ескі ұңғыманы жеке компаниядан қалай да қайтарамыз деген ел жаппай қол жинап, сотқа жүгінбекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!