{metadescription}
Қостанай: Үйін өрттен қорғап қалғандар күлдің ортасында тұра ма?
Қостанай: Үйін өрттен қорғап қалғандар күлдің ортасында тұра ма?

Қостанай: Үйін өрттен қорғап қалғандар күлдің ортасында тұра ма?

Қостанай облысының Аманқарағай ауылында жағдай тұрақталды, дегенмен әр жерде үйінді бықсып түтіндеп жатыр. Өрт сөндірушілер мұндағы қауіпсіздікті кезекпен қадағалауда. Ал тұрғындар ең болмаса өткізуге жарар деп үйінді ортасынан темір-терсекті аршып алып жатыр. Ал өрт кезінде үйін қорғап қалғандар енді әкімдік көшірмей, күлдің ортасында тұрамыз ба деп алаңдаулы.

Опырылып ортасына түскен баспана. Өртенген көлік. Балқыған техника. Әдетте экшн-кинодан көретін кадрға қазір аманқарағайлықтар таң қалмайтын болған. Иесіз үйлерді иттері ғана торуылдап жүр. Үрмейді де. Үш күн бұрын түгі қалмай күлі қалғанша жанып кеткенмен, әр жердегі үйінділерден көк түтінді көз шалады. Оның себебін сонда жүрген өрт сөндірушілер түсіндірді.

- Негізінен үйдің құрылысы кірпіш қабырғасы мен сылағының арасы ағаштан жасалған, сол ағаштың арқасында ол жанып кетуі мүмкін.

Ұлан Молдашев дабыл қағылғанда Петропавлдан жеткен 50 құтқарушының бірі. Әдегеннен қауіпті ошақтың ортасынан бір-ақ шықты. Өрттің беті қайтқанмен, әзірге оларға кері қайтуға бұйрық болған жоқ. Жалпы мұндай орман өртін өшіру оңай емес екенін айтады.

Ұлан Молдашев, өрт сөндіруші:

- Орман өртінде қасына жақындай алмайсың. Өйткені орман күйгенде жоғарыдан келеді, сонда бәріміз артқа шегініп барып бірақ сөндіреміз.

- Жалпы жұмыс тәжірибеңізде осындай алапат өрт алғаш рет пе?

- Тәжірибемде бұл ең алғаш рет. Ағаш жануы, орман жануы.

Аманқарағайдағы алапат жалын сол күні жолындағының бәрін жайпады. Ағаштардың тұрғаны болмаса, енді жапырағы қайта көктемейді. Өршіген өрт жол жиегіндегі кафенің іргесіне дейін жетті. Бірақ ең қауіптісі, арғы беттегі жанармай бекеті еді. Құтқарушылардың табандылығымен үлкен апаттың беті қайтарылды.

Аманқарағайдағы 98 үй өртеніп кетті. Үдере қашқан ел үрейі тараған соң  қайта оралып, жарайды-ау деген затын тасып жатыр. Әсіресе темір-терсекті жиып-теріп жатқандар көп.

Сабырхан Ахметов сол түні отбасын қауіпсіз жерге апарып, басын қатерге тіксе де, осында кері оралып отпен арпалысқан азамат. Қорасы мен гаражын жалын жалмаса да, үйін аман алып қалды. Енді жапанда үйінді мен күйік ортасында жалғыз қалған төрт баланың әкесі әкімдік жаңа жерге көшірмейміз деп қапа қылғанын айтады.

Сабырхан Ахметов, Аманқарағай ауылының тұрғыны:

- Осында қаласыңдар деді. Қора салып береміз дейді. Бірақ білмеймін, жарық, коммуникация жоқ, баяғы замандағы сияқты тұрамыз енді. Су жоқ, ештеңе жоқ. Құдықтардың бәрі құлап қалған, ішіне шөп түскен, жанып кеткен ғой. 

Экологтар да бұл аумақ енді тұруға жарамайды деп дабыл қағуда. Бар жазығы баспанасын құтқарғандардың тізімге ілінбеуі қаншалықты қисынды? Аудан әкімі «ешкімді алалау жоқ, бәрін қарастырамыз» деп, әңгімені жылы жапты.

Ерлан Теменов, Әулиекөл ауданының әкімі:

- Комиссия қарайды, көреміз. Әрине, бір күндік жұмыс емес, өте қиын жұмыс. Әр адаммен тіл табысамыз. Көре жатамыз. Сосын ары қарай болмайтын жерде абаттандыру жұмысы ертеңнен бастап жоспарда бар, абаттандыру жұмысын ертеңнен істейміз.

Ай-күннің аманында қиын жағдайға тап болғандардың көңілі күпті. Атқамінерлер кезекті есеп үшін ғана атүсті жағдайларын шешкенін қаламайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

07 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде