Қарағанды облысы мен ШҚО-да орманды алқап пен дала өртеніп жатыр
Қарағанды облысының үш ауданында дала өртеніп жатыр. Кешелі бері осы аймақтарда 17 өрт тіркелген. Оның тоғызы ауыздықталыпты. Бірақ 1000 гектардан аса жер әлі жанып жатыр. Шығыс Қазақстан облысы да тілсіз жаудың құшағында қалды. Қазір өңірдің төрт ауданында орманды алқап пен далалық жер отқа оранды.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
07.09.2022
Тіпті қызыл жалын Өскеменнің іргесіне дейін жетіп тоқтаған. Осы өңірлерде қазір қызыл жалынды елдімекендерге жақындатпаудың амалы жасалып жатыр. Оған ауыл халқы орман шаруашылығы мен өрт сөндіру қызметі тайлы-тұяғымен жұмылған.
Қарағанды облысында қазір жеті аумақта тілсіз жаумен күрес жалғасып жатыр. Өрт ошақтары Нұра, Қарқаралы және Шет аудандарында пайда болды. Әсіресе Шет ауданының Қызылтау елдімекені маңында 300 гектардан астам құрғақ шөпті алқап жанған. Енді осы ауданның Шопа мен Бұрма елдімекендері аралығында тағы бір алапат өрт шықты. Оның аумағы мың гектардан асады.
Мұрат Қатпанов Қарағанды облысы ТЖД бастығы:
- Қызылтау елдімекенінің қасында болып жатқан өрттен ауылға қауіп жоқ. Айналасы тақыр жер. Өртте алыс жерде. Шопа, Бұрма – екі ортада болып жатқан дала өртінің аумағы қазіргі кезде мың гектардан астам деп беріп отырмыз. Барлық ошақта күштер мен жасақтар жеткілікті.
Қарағанды облысында өртті сөндіруге жергілікті органдар мен төтенше жағдай және орман шаруашылығы қызметтерінен 400-ге жуық адам мен 83 техника жұмылдырылған. Мамандар соңғы күндері дала өртінің жиілеуіне негізінен жаңбырсыз жаздан болған құрғақшылық себеп дейді.
Елена Михайлова, синоптик-инженер:
- Қарағанды облысында жаз бойы шауыншашын аз болды.Оның үстіне қыркүйек айының басынан күн күрт ысып кетті. Ал бүгіннен бастап оған қатты жел қосылып жатыр. Жақын арада жел тоқтайды деген болжам бар. Бірақ алдағы үш күнде жауын-шашын күтілмейді.
Шығыс Қазақстан облысында өрт 1100 гектар аумақты шарпып үлгерді. Оның шінде 300 гектар орманды алқап Күршім ауданы, Марқакөл орман шаруашылығында отқа оранған. Ал ең қауіптісі – Глубокое ауданы. Құтырған желден күш алған өрт Каменный карьер ауылына жетуге 50 метр ғана қалды. Қағаздай жанған бұта мен құрғақ шөп ырық бермей, Ұлттық ұланның 200 жауынгерін жұмылдыруға тура келді.
Жадыра Аманғалиқызы, ШҚО ТЖД бас маманы:
- Каменный карьер ауылына жақын жердегі, тау бөктеріндегі өртті сөндірумен күресіп жатыр. Бұл жердегі өрттің ең қиыны – ауа райының қатты ыстық болуы. Сондайақ өрттің тау бөктерінде болғандықтан, арнайы техниканың ол жерге жетуі өте қиын.
Құтқарушылар өртті елдімекендерге жолатпауға тырысып жатыр. Айтуларынша, бұған техника мен адам күші әзірге жеткілікті. Тек қызыл жалынның басқа ошақтарының пайда болмауын қадағалау қерек. Синоптиктер келесі аптада күн салқындап, жауын-шашын басталуы мүмкін дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!