Алматы және Алматы облысында қасақана от қойып жүргендер ұсталды
Алматы және Алматы облысында қасақана от қойып жүргендер ұсталды. Көктөбе баурайын отқа орамақ болған қаскөй елуді еңсерген азамат екен. Ал Еңбекшіарал ауылының шетін оттықпен тұтандырып жүрген тұрғын мас болдым деп ақталуда. Қазір тергеу басталып, табиғатқа келтірілген залал есептелуде.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
07.09.2022
Кеңсай жотасындағы өрт әзер ауыздықталғанда кешқұрым Көктөбе баурайы отқа оранды. Төтеншеліктермен қоса сол аймақтың жұрты екі жарым сағат өртпен арпалысып, әрең өшірген. Жалын үш гектар аумақты шарпыды.
Дүйім Алматыны алаңдатқан өрт. Көктөбенің үш гектар аумағы қап-қара болып күйіп кеткен. Өрттің бұлай өршуі таулы аумақ болғандықтан қатты желдің әрі құрғақ шөптен. Мұнда қураған шөп көп.
Көктөбе бөктерін алапат өрт алып жатқанда тура екі километр қашықтықта бәз біреу талдардың арасында от жаққан. Мас күйде болған 1968 жылы туған азамат қалбырдағы тамақты жылытпақ болыпты. Алайда отты игере алмай қалдым деп ақталған. Қазір күдікті ұсталды.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Алматыда ағаш өртеген адам ұсталды. 1968 жылы туған азамат. Ол от жаққанын мойындады. Ер адам мас болғанын және консервілерді жылытқысы келгенін айтты. Бірақ өрт бұталарға өткен. Сол кезде қорыққаннан оқиға орнынан кетіп қалған. Болған оқиғаның толық мәнжәйі анықталатын болады.
Жалғыз шаһарда ғана емес, облыста да қасақана от қойып жүргендер табылды. Бұл видео Еңбекшіарал ауылында түсірілген. Автор әрбір жерден лаулап өршіп бара жатқан өртті қолдан келгенше өшіріп жатыр. Кейін құрғақ шөпті әдейі оттықпен тұтандырып жүрген адамды да тауып алады.
- Тоқта.Кім өртеп жүр, ана жақтың бәрін?
- Мен қайдан білейін.
- Тоқта. Қалтаңды көрсетші. Не мынау?
- От тұтандырғыш.
- Қолыңның бәрін күйдіргенсің ғой. Өртегенсің ғой.
- Кетші бар.
39 жастағы жергілікті тұрғын да мас болғанын айтып ақталмақ болды. Қасақана от қою оқиғалары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеулер басталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!